«Бала тәрбиесі-басты назарда…»

2023-2024 оқу жылының басында Біртұтас тәрбие бағдарламасы Үш құндылыққа (Ар-ұят, Талап, Ұлттық) негізделген тәрбие жұмысының бірыңғай жоспары облыстық білім басқармасы тарапынан беріліп, бүгінде жоспарға сәйкес мектептегі әрбір тәрбие сағаттары мен сыныптан тыс іс-шаралар өз деңгейінде жүргізілуде.

Биылғы жаңа оқу жылында жаңа бастама қолға алынды. Балаларды оқыту және тәрбиелеуде ата-аналарға педагогикалық көмек көрсету, мектептің ата-аналарымен қарым-қатынасын күшейту  мақсатында жалпы білім беру ұйымдарында Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарын ашу бойынша басқарма бұйрығы шығарылып, жолданды. Бүгінде мектеп-интернатында да орталық ашылып, орталық қызметін үйлестіретін жұмыс топтары құрылып, ата-аналармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Мейірімге толы алпыс  жылдан астам тарихы бар киелі қара шаңырақ Талдықорған қаласында Дәнеш Рақышев атындағы қазақ мектеп-интернатында тәрбиенің сан қырлы түрлерін әрбір сыныптың тәрбиешілері беріп келеді. Осыған орай,  баланың бас ұстазы – ата-анасы. Ұлтымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген дана сөзі бар.  Әр отбасында ата-ананың орны бөлек. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Әке-отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі деп білсек, ана-отбасының ұйтқысы, жылуы, шуағы. Осындай ата-аналары шалғайда жүрген балалардың отбасына, анасы мен әкесіне, атасы мен әжесіне деген ыстық сағыныш сезімдерін мектеп-интернатында қызмет атқаратын әр бір ұстаздар мен тәрбиешілер беруде. Тілге тиек ететін осы орайда «Әрбір баланың мінез – құлқы ата-ананың жағымды іс –әрекетінен үлгі алуы барысында қалыптасады» деп И.Павлов айтқандай, баланың мінез-құлқы өскен ортасында, көрген тәрбиесіне байланысты қалыптасады.

       Ата-ана – бала үшін ең бірінші үлгі тұтар адам, өзін көретін айнасы.

Биылғы 2023-2024 оқу жылында Білім беру ұйымдарында ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы қызметі ұйымдастырылуына орай, Д.Рақышев атындағы қазақ мектеп-интернатында білікті маман, өз ісінің шебері, жан-жақты заманауи ұйымдастырушы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ешпаев Қуат Нұрғалиұлының түрлі әдіс-тәсілдерімен, ұйымдастыруымен мектеп-интернатының жанынан құрылған ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының жоспарына сәйкес, «Отбасым- бақыт бесігі»    тақырыбында  1-4 сыныптардың ата-аналарымен «Эмоционалды әл-ауқат» атты,  жоспарға сәйкес сабақты тәрбиешілер С.Кеңес пен М.Балабаева өткізді.

Сондай-ақ, «Әкені көріп ұл өсер» тақырыбында «Балаға үлгі көрсету» атты әкелерге арналған сабақты тәрбиешілер А. Жұмақожа, А.Нұрғалиева және Н Оразбаева, Ж.Ақанова, Қ.Жүнісбекова, А.Рысбаевалар өз деңгейінде ұйымдастырып, сабаққа қатысқан әр әке өздерінің ойларымен бөлісіп, әкелерге арналған түрлі ойындарға қатысты.

«Ата – ананың тәрбиесі – бала мінезінің іргетасы», — деп А.Макаренко айтқандай балалардың көңіл–күйлері, отбасында жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру  барысында  өткізілген сабаққа ата-аналар белсене қатысып, өздерінің ойларымен бөлісіп, ерекше көңіл күймен рөлдік ойындарға қатысып, өз шеберліктерін таныта білді.

Ал, 5-9 сыныптардың ата-аналарымен Біртұтас тәрбие бағдарламасына негізделген үш құндылықты дәріптеу барысында, ата –аналарға педагогикалық қолдау орталығының «Отбасым- алтын  бесігім» тақырыбында «Позитивті ата-ана қандай болу керек» атты жоспарға сәйкес сабақты тәрбиешілер Р.Нурмұханбетова мен С. Джармуханбетова өткізді. Сонымен қатар А. Садақбаева, Г.Тастанова, Л.Абдықалықова, Н.Сеитқұлова және М.Амангулова, Т.Нұрқасымова, А.Иманбекова мен Р. Нұрмұханбетовалар «Ақыл айтпа, жол көрсет» атты сабақты ерекше деңгейде өткізіп, сабаққа қатысқан ата-аналар өздерінің шынайы ниеттерін білдіре отырып, арнайы балаларының жазған хаттарын оқып, көздеріне жас алды. Сабаққа қатысқан ата-аналар, сабақта қолданылған әдіс-тәсілдер мен өту барысына өз ризашылықтарын білдіріп, өздерінің ақ тілектерін  смайликтерге жазып тілек ағашына ілді.

«Ағаш тамырымен, адам ұрпағымен бақытты» деген мақал тегін айтылмаған.   Бала табиғатын тану, оны түсіну, жөнімен еркелету, шынайы қарым-қатынас құру, оның бойындағы бар ерекшелікті көре біліп, қабілетін дамыту, бағдарлау, ынталандыру – ұрпағының ертеңі үшін алаңдайтын парасатты ата-ананың игілікті әрекеті. Өміріміздің ең мәнді өзегі – тұлғалық тұрғыда толық қалыптасқан парасатты перзент тәрбиелеу барысында 10-11 сыныптардың ата-аналарымен  «Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу»  тақырыбында тәрбиешілер Д.Игисинова мен Г.Галинованың ұйымдастыруымен  ерекше психологиялық сабақ өткізілді.

Ата-анаға баладан артық ешкім жоқ. «Бала-адамның бауыр еті» деген сөз бар. Сондықтан, әрбір ата-ана болмасын баласының білімді, парасатты, мәдениетті, тәртіпті, әдепті болуын қадағалайды. «Бала – өмірдің жалғасы, көз қуанышы, шаңырақ иесі» деп ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөлген.

Әр сабақ барысында мектеп директоры Солтанбеков Әли Солтанбекұлы өзінің сөзінде ата-аналарға үнемі бірлесіп жұмыс жасап, баланың біліміне, тәрбиесіндегі әр бір осал тұстарды бірлесе отырып,  «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» шақырды. Ата-аналарға  мектеп есігі әрқашан ашық екенін, мектеппен тығыз байланыста болуды айтып өтті.

Бала бойындағы адамгершілік қасиеттердің пайда болуы ата-ана, ұстаз, жақсы құрбысынан екені сөзсіз. Сондықтан  «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер. Жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тәрбиелеу үшін әркімнің өз тәжірибесі жетпейді. Басқа адамдардың тәжірибесімен танысу керек» деп алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев айтқандай – бала тәрбиесі барлығымыздың бірлескен жұмысымыздың нәтижесі. Осындай киелі қара шаңырақ мектеп-интернатындағы жасалып жатқан  игі істердің барлығы уақытылы ғаламтор желісіне жүктеліп, оқырмандар әлеміне жолдануда.

 

Дәнеш Рақышев атындағы облыстық қазақ меткеп-интернатының

 тәрбиешісі Халықова Маржан Әбітайқызы