Кейінгі кездері генетика мәселелері қатты қызықтырып жүр. Қолым қалт еткенде деректі фильмдер қараймын, материалдар оқимын.
Бала әкеден 50 пайыз гендік ерекшелікті алса, анасынан да тура сонша гендік ерекшелік алады. Ендеше, қандай да бір әке-шешенің қызы жағы тарапынан тарайтын ұрпақ (жиен) ұлы жағынан тарайтын ұрпақтан еш кем емес. Алайда, қазақ дәстүрі ұл тараптың ұрпағына әке тегін, өз атын береді. Ұлы жоқ кей кісілер қызының баласымен шежіреге еніп ұрпақ жалғастырған жағдайлар да қазақ шежірелерінде кездесіп тұрады.
Дегенмен, дәстүрдің аты — дәстүр. Оған құрметпен қарау керек, әр адам шама-шарқынша ұстану қажет. Ал ғылымның аты — ғылым. Ол дінге де, дәстүрге де мойынсұнбайды. Онда тек ақиқат деректер ғана сөйлейді. Кейде ғылымның өзінде жаңа деректер ескі деректерді жоққа шығарып жатады. Өзгермелі дүние — дамудың белгісі. Ал енді қазақтағы жеті ата ұғымын алып, әлгі генетикалық ғылым өлшемімен қарап көрейік.
Балаға 50 де 50 пайыздан ген ерекшелігі берілсе, немереге 25 пайыз ғана беріледі.
Ол тағы да 2-ге бөлініп ұрпақтан ұрпаққа кеми береді. Осылайша жеті атаға жеткенше бір атаның балалары бір-бірінен туыстық тұрғыдан алшақтай бермек.
1. Әкесі мен шешесі — әрбірі бөлек-бөлек 100 пайыз;
2. Ұл-қыз — 50 пайыз;
3. Немере — 25 пайыз;
4. Шөбере — 12.5 пайыз;
5. Шөпшек — 6.25 пайыз;
6. Немене — 3,125 пайыз;
7. Жүрежат — 1,5 пайыз. Бір пайыз туыстық деген өте алыс адам деген сөз ғой. Неменелердің өзі алыстап кеткен ағайындар.
8. Туажат — 0,7;
9. Жұрағат — 0,3;
10. Жат жұрағат — 0,2;
11. Жегжат — 0.09;
12. Жамағайын — 0,045.
Әрмен қарай тарқататын туыстық атау да жоқ, генетика бойынша жақындықты көрсететін сан мөлшері де жоққа тән.
Ал енді сұрақ? Қазақ жеті ата ұғымын қайдан білді? Қан құрамын зерттейтін зертханасы жоқ бабаларымыздың осындай данышпандығы сөзсіз қайран қалдырады.
Тектілік туралы айтқанда да осы генетиканы меңзеп тұр ғой. Ол жайында тағы бөлек бір сөз қозғармыз.
Пікір иесі Арман Әубәкір
ПІКІР ЖАЗУ