Қарағанды қаласының мерей тойын атап өттік деп менің достарым қуанышты хабарларын бөлісіп жатыр.
Құтты болсын !
Қазыналы Қарағанды ғой, тіршілігін еңбекке арнаған, инженерлік ғылымдардың небір марқасқалары шыққан, аса бір мақтана да бермейтін, мәрт халқы бар.
Бірақ осы 1934 жыл дегенде менің есіме бірден Қарлаг түседі. 1930 жылы желтоқсанда Карлагты құру туралы бұйрық шыққаны белгілі, одан бір жыл өткенде Ресейден кулак, яғни әлді шаруа деген айыппен айдап әкеліп екі-үш мың адамды айдап әкеліп Қарағанды маңындағы елді-мекендерге орналастырды.
Тура біз қала өз бастауы алады деп мейрам қылып атап өтіп жүрген 1934 жылы Қарағандыға 25 мың адамды, ішінде контрреволюция белсенділері деген айыппен ғалымдары бар, саясаткерлері бар қамады да, содан нақты Қарлаг тарихы басталды.
Екінші жағынан алғанда, 1934 жылы қала дәрежесін қағаз түрінде алмай-ақ Қарағандыда көміршілердің әр шахтаның түбінде шашылған шағын қоныстары бар емес пе еді ?
1856 жылы осы шағын шахталардан 7095 пұт көмір елдің керек жарағына, ұсталықтарға деп өндіріліпті. Қарағанды жерінде көмір кенінің ашылғанынан талай заман болған, ал оны өндірістік мақсатта игеру 1859 жылдан басталады.
Осы жылы Қарағандының алғашқы шахталарынан Рязанов компаниясының меншігіндегі Спасск мыс зауытына 119 200 пұт көмір алыңған екен. Мыс зауыты салынған жерді қазақ Ақбұйрат адыр дейді, жағалай Соқыр-Сораң таулары. ХІХ ғасырдың 60- жылдары Қарағанды шахталары өнімді еселеп, 1863 жылы 303 673 пұтқа жеткізіпті.
Ал 1881 жылы Қарағанды шахталарынан 1 317,8 мың пұт көмір өндірілген. Осы көмірдің негізгі пайдаланушысы Спасск зауытында 1861 жылы 63073 пұт мыс рудасы балқытылса, 1881 жылы қорытылған мыстың көлемі 344,6 мың пұтқа жеткен.
Кейін Қарағанды кенішіне ағылшын-француз компаниялары келді.
«Спасск акционерлік қоғамының» қызметкері Френк ван Агнев «Қазақ (жеріндегі) өмірім» (Live with the Kirghiz) кітабында «Спасскіден он үш миль солтүстікке қарай, домна пештеріне де, адамның жылы өмір сүруіне де қажетті ересен (автор huge, яғни гигант сөзін қолданған) көмір қоры бар Қарағанды шахталары орналасқан» дейді (р.7). ХХ ғасыр басында Қарағанды әжептеуір ел таныған, шет ел білген өндіріс орнына айналды.
Бұл сандарды неге тізіп жазып жатырмын ?
Неге десеңіз оның тасасында мыңдаған шахтер, мыңдаған металлург бар деген сөз. Яғни Қарағандыда осыншама көмірді жер бетіне шығаратын, осыншама мысты қорытатын адам болды, олар мекендеген қоныс болды деген сөз. Ендеше біз неге 1934 жылға жабысып айрылғымыз келмейді ?
Совет кезеңі миға сіңірген даталардан, соның ішінде қазақта сауатты адамның саны бір пайыз болды, бұл елдің тарихы 1917 жылдан басталады деген әңгімелерден құтылатын уақыт келді.
Мен Қарағанды тарихын көмірді өндірістік жолмен алғаш үлкен көлемде өндіру басталған 1859 жылдан бастауды ұсынамын. Сонда биыл Қарағанды қаласына 160 жыл толмақ.
Осы тақырыпта ғылыми конференция ұйымдастырылса, мен келіп баяндама жасап беруге дайынмын, тек Бұқар жырау конференциясы сияқты үш күн бұрын хабарламасаңыздар болды. (суретті Қарағандыда болған ағылшын жазбаларынан алдым, сол кездегі құрылыс, сол кездегі адамдар).
Тарих ғылымдарының докторы, профессор
Жамбыл Артыкбаев
ПІКІР ЖАЗУ