Бала тәрбиелеу – ауыр да, үздіксіз іс. Технологиялар дамыған, жаһандану заманында баланың бар уақытын дұрыс дүниеге бағыттау үшін ата-ана мен ұстаз аянып қалмасы анық. Десе де бала тәрбиелеудің суперпрогрессивті жолы қандай деген сұрақ ата-аналарды жиі толғандыратыны рас. Қиялын ұштап, білімін шыңдап, ойын кеңітіп, бойын сергіту үшін не істеу керек? Әрине, баланың қарым-қабілетіне қарай байқауларға қатыстырған жөн.
Соған орай қараша айының он екісінде көпке арман болған Халықаралық «Даминосик» балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауы ұйымдастырылды. Байқау 3-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналды. Дүбірлі додаға 600-ге тарта қатысушылар қатысты. Бұл байқаудың өзге байқаулардан ерекшелігі сол, тек Қазақстандық балалар ғана емес, Моңғолия, Қытай елінен де жүйріктер ат терлетіп келді. Кіл мықтылар хореография, вокал, көркем сөз, аспапта ойнау, бейнелеу өнері, актерлік шеберлік аталымдары бойынша бақ сынады. Ішінен оқ бойы озық шыққан Алматы қаласында орналасқан «Чудо детки» бала-бақшасының түлектері еді. Атап айтсақ, 1-орын көркемсөз аталымы бойынша Бауыржанқызы Сара және Мұратхан Раянаға бұйырса, актерлік шеберлік аталымы бойынша гран-приді Амантай Батырхан, Хусаин Нұрислам, Сейфулла Ибрахим, Ермек Лейсан, Құсанғазы Аянат, Талипбай Малика есімді балдырғандар қанжығасына байлады. Осы орайда балалардың өнер-білімін ғана емес, адамгершілік ізгі қасиеттерін дамытқан, байқауда жүлдегер атануына, шығармалық шыңдалуына үлкен үлесін қосқан жетекшілері «Чудо детки» балабақшасының әдіскері Жанар Сәттібекқызының орны ерекше.
Қысқасын айтсақ, баланың ойлауы ойнау арқылы қалыптасатынын әу бастан білген бабаларымыз, бөбегінің болашағын қалай ойнағанына қарап болжаған. Үйдегі ата-ана тіршілік қамымен кеткенде, талшыбықтай ұл-қыздарды тәрбиелейтін тәрбие мектебі – балабақша. Ал осы байқауда дара шапқан балапандардың бағына біткен «Чудо детки» балабақшасы еліміздің тұтқасы болар ерен азаматтарды тәрбиелеп жатқанынына сеніміміз мол.
Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ
ПІКІР ЖАЗУ