Іс-шараны «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» мен Астана қаласы әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы.
Оған Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары және көпбалалы отбасылар қатысты.
«Мұндай акцияның мақсаты – отбасыларды қоғамдық іске араластыру, балаларды еңбекке баулу, табиғатты құрметтеу, жауапкершілікті сезіну. Қазіргі еккен тал-шыбық, ертең жапырағы жайқалған ағаш, одан әрі көрікті орман болатыны белгілі. Осыдан бірнеше жыл өткен соң бұл ағаштардың саясын немере-шөберелеріміз көретін болады. Таза экология, таза қала мұның барлығы – жарқын болашағымыз үшін. Дана қазақ «Атадан мал қалғанша, тал қалсын», деп ағаштың адамзатқа берер пайдасын ерекше атап өткен», – деді Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық комиссиясының хатшысы Қарлығаш Саркенова.
Игі іске қатысушылар бір мезетте 70-ке жуық ағаш отырғызды. Жер бөліп, ағаш отырғызуға Сарыарқа ауданының әкімдігі қолдау көрсетті.
Іс-шараның басты мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылардағы балаларды экологиялық тәрбие сіңіру. Сол арқылы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты жақсарту, ортақ істе отбасының бірлігін арттыру. Сонымен қатар балаларды еңбекке баулу және де қоршаған орта мен табиғатты аялау әр адамның жауапкершілігі екенін сезіндіру.
ПІКІР ЖАЗУ