Шымкентте қоғамдық тамақтану орнында жалған төлем түбіртегін көрсетіп, тегін тамақтанып жүрген ер адам сотталды.
Шымкент қаласының 30 жастағы тұрғыны ақшасын үнемдеу мақсатында тамақтану орнында кассирлерге жалған төлем түбіртегін көрсетіп, алты рет тегін тамақтанған. Тұрақты келушінің алдағанын сезген дәмхана қызметкерлері оқиға туралы полицияға хабарлаған.
«Аталған факті ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Тұран аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері мекемедегі камералардағы бейнежазбаларды зерделеп, күдіктіге бағыт-бағдар құрастырды. Оны құруға криминалдық полицияның жедел уәкілдері мен жергілікті полиция қызметінің инспекторлары тартылды. Тәртіп сақшылары ықтимал куәгерлерден жауап алып, ер адамның қозғалыс жолдарын анықтады. Үш күнге созылған іздестіру жұмыстарының нәтижесінде тегін тамақтануды әдетке айналдырған ер адам ұсталды.
Анықталғандай, ұсталған азамат қарақшылық шабуыл жасағаны үшін көктемде сот тағайындаған бас бостандығын шектеу түріндегі жазасын әлі де өтеп жатыр. Сотталушының өтелмеген мерзімін үкімдердің жиынтығы бойынша қосу арқылы сотталушы 3,5 жылға бас бостандығынан айырылады», – делінген хабарламада.
ПІКІР ЖАЗУ