Жазасын өтеп шыққан адамдарға көмек көрсетілді

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен тамыз айында Әуезов және Түрксіб аудандарында бас бостандығынан айыру орнынан шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеуге бағытталған бірқатар жұмыстар жүргізілді.

Әуезов ауданы пробация қызметінде тіркеуде тұрған бір топ азаматқа психолог Гульбанум Мурадуллаева арнайы психоәлеуметтік тренинг өткізді. Тренингке қатысушылардың бостандыққа шыққанына біраз болған. Дегенмен олар түрмеден босағанымен, қоғамға тез бейімделе алмай келеді. Түзеу мекемелеріндегі қатаң тәртіп, қоғамнан көп уақыт оқшау өмір сүргендіктен, олар қоғаммен әлі етене араласа алмай келеді. Тренинг кезінде Г.Мурадуллаева қатысушыларға ақ қағазға суреттер салдырып, олардың ішкі жан-дүниесіне психоәлеуметтік диагностика жүргізді. Салған түрлі-түсті суреттері туралы оларға сұрақтар қойып, ой бөлісті. «Мысалы, мына суреттің авторы айдалада тұрған, есік, терезелері жабық үйдің суретін салған. Бұл жігіт қоғамдағы өз орнын әлі анықтай алмаған деуге болады. Ол айналадағы адамдарды өзінен теріс айналып тұр деп есептейді. Мұндай жандардың мінездері әдетте томаға тұйық болып, жаңа өмірге бейімделуі ұзаққа созылады» дейді психолог ханым.

Сондай-ақ пробация қызметінде тіркеуде тұрған азаматтарға құқықтық көмектер көрсетілді. Мәселен, С. деген азаматтың жеке куәлігі жоғалған. Бас бостандығынан айыру орнынан кеше ғана шыққан адамға ХҚКО-ға бара салып, құжат жасата салу да оңай емес. Оның да рет ретімен істелуі тиіс рәсімдері бар. Тағы бір Д. есімді азаматтың жеке куәлігі табылмай жүр. Заңгер Қуат Ауғанбектің айтуынша, жазасын өтеуші колониядан шығып, пробация қызметіне тіркелген кезде, оның құжаты да колония әкімшілігінен пробация қызметіне ауысуға тиіс еді. Бірақ құжат келмеген. Қазір бұл азамат жеке куәліксіз жүр. Заңгерлер оның құжатын жоғалған құжаттар санатына жатқызып, ХҚКО арқылы жаңа куәлік жасауға кірісті.


Аталған жұмыстар Түрксіб ауданы пробация қызметінде  жалғасын тапты. Мұнда заңгерлер Мұхамеджан Әбдібеков пен Қуат Ауғанбек тіркеуде тұрған азаматтарды қабылдап, олардың проблемаларын тыңдады. Заңгерлер шамамен 30-ға жуық адамды қабылдап, олардың аты-жөнін, түйткілді мәселелерін журналға тіркеді. «Біз жүздескен адамдардың көбі мерзімінен бұрын босап шыққандар. Олар жаза мерзімі толық аяқталғанын күтіп отыр. Біз оларға жаза мерзімі аяқталған кезде тиісті өтініштер, арыздар және т.б. жазуға көмектесеміз» дейді заңгер Қ.Ауғанбек.

Айта кетейік, бас бостандығынан айыру орнынан шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеуге бағытталған жобаны «Social project management» орталығы жүзеге асырып жатыр. «Түрксіб ауданы пробация қызметінде 375, Әуезов ауданында 351адам тіркеуде тұр екен. Алдағы уақытта біз олармен құқықтық, психологиялық жұмыстар жүргізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар жұмыс берушілермен кездесулер ұйымдастырамыз» дейді орталық директоры Б.Молдахметұлы.