ҚР Көлік министрлігі қалалар арасында жолаушылар тасымалымен айналысатын inDrive және Яндекс жүргізушілеріне қойылатын талаптарды күшейтпек.
Көлік министрлігі комитетінің басшысы Әли Алтайдың айтуынша, inDrive және Яндекс қосымшаларының пайда болуы жолаушылар тасымалы саласына үлкен даму алып келді.
Комитет басшысы қазір осы қосымшалар арқылы жолаушы тасымалымен айналысатын жүргізушілерге жылдамдықты және аталған жүргізушілердің жұмыс және демалыс режимін сақтамағаны үшін жауапкершілікті қарастыратын түзетулер пакеті дайындалып жатқанын айтты.
“Жүргізушілер 8 сағаттан артық көлік жүргізбеуі керек, өйткені олар қырағылығын жоғалтады. Бізде жол-көлік оқиғаларының 35 пайызы дәл осындай жағдайларға байланысты. Біз жол картасын қабылдаймыз, ол жерде заңсыз тасымалдаушылармен күресетін пункттер бар. Соның ішінде InDrive және Yandex бағдарламалық қосымшалары да бар. Бұл жұмысты Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жүргізетін боламыз», – деді көлік комитетінің басшысы.
Жаңа жоба мынадай тәртіппен жұмыс істейді: Ішкі істер министрлігі көліктің орташа жылдамдығын бақылайды. Мәселен, ереже сақталса, Қарағандыдан Астанаға бір сағатта жету мүмкін емес. Сондай-ақ ішкі істер министрлігі такси жүргізушілерінің заңсыз жиналатын орындарын және жүргізушінің қанша сағат көлік жүргізгенін бақылап отырады. Егер жүргізуші рульде 8 сағаттан артық отырса, оған айыппұл салынады.
Сонымен қатар көлік министрлігі Қазақстанның аймақтары арасында тасымалдайтын жолаушылар автобустарын жаңартуды да жоспарлап отыр.
ПІКІР ЖАЗУ