Маржан Әбіләзімова. «Әлемде өзге жолықсақ…»

Маржан Әбіләзімова — 2000 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. М. Әуезов атындағы ОҚУ-дың 4 курс студенті.

Әлемде өзге жолықсақ…

Алдыңда неден айыпты болдым, жазықты ем?
Сынып қалардай үп еткен желден нәзік пе ем?
Өзімнен қашқан, өгейлеу тартқан жанымды
Қайтарып берсін, Тәңір алдына жайып бер!

Кейіпте басқа, әлемде өзге жолықсақ,
Параллельдері қиыса тоғысқан. келіп
«Барлығы басқа болар еді» деп жұбатам
Дария-ойға кетуден түсіп қорықсам.

Кінә тағуға өзіңді, өзімді қимағам,
Өкпешілдік те мінезім емес жинаған.
Сезімді ғана жоқтайын бүгін өлеңмен
Тағдыр-шешейдің тар құшағына сыймаған.

Әй, Тағдыр-шешей….
Табиғатынан жаңылған
ойларым кеше оқ қойма ұқсап жарылған.
Бір сілкіп алған қолыңмен енді сипашы,
Қызыл шырайлы қызыңның басын соғылған.

Жылағаным жоқ, жабырқау күйде емеспін,
Қатқылдығым бар, адамы өзім егестің.
Тасада қалған сезімім,
— енді, бара ғой
Зат есім сынды — деректі, бірақ дерексіз.

***

Менің өзіңе тәуелді болған көгершін жанымды ая!
Сезімімді ая сергелдеңге түскен.
Сен менің үміт ораған көңілімді ая
Сенімімді ая кеудемде өшкен!

Сен менің сырымды айттырған сары күзді сүй,
Келген қысты сүй тоң болып қатқан.
Айтылмай қалған сөздерімді сүй
Жанымның түкпірлерінде жатқан.

Менің өзімнен көп мылжың көзіме қара,
Құшағына сезіммен жиірек алатын.
Сен өзіңе менің көзіммен қара
Өзіңмен қоса әлемді сүйе алатын.

Сен жүрекке жып-жылы жаз айын ұмытпа,
Сарғайған күз айын есіңде сақтап ал.
Біз үн-түнсіз отырар сәттерді ұмытпа,
Риясыз күлкімді жаттап ал.

Сәттермен сүрейік өмірді, келерді тәрк етіп,
Қос айрық жол түссе торықпа.
Жасқанба ұмытып кетуден
Ұмтылып кетуден қорықпа.

Балқаймақ

Терең жұтып ауасын қою түннің,
Қойныңа келдім ұшып, туған ауыл.
Күзгі ызғары қысады қызғылт бетті
Жарты күлше жарым ай — туған ауып.

Түс көрдім мен, кеше түнде — ауыл жайлы
Бала шағым, бал шағым сағындыра…
Көп арманның көмбесін қазушы едім,
Қиялды аспан — жұлдыз ғып тағынды ма?!

Өлең оқып қайтушы ем қыр басынан,
Екі қозы алдымда айдағаным.
Әнге бөлеп қайтушы ем сар-даламды
Екі лағым егізек қайда қалдың?

Түн жамыла өңгеріп ақ көрпені
Аралаушы ем әлемін кітаптардың.
Осы ауылда жазылып алғашқы өлең
Осы ауылда қалыпты ұнатқаным.

Қуыршақтар қиындық көрген менен,
Жерленді сенде мәңгі.
Менің батыл, өр күйім ұйқы құшты
Есейіп, батырлықтан кенде қалдым.

Қара талға байланған әткеншектің,
Өзі жоқ, ізі ғана….
Шұбалшын теруші едім көктем сайын
Қарқ етер ед көз шалған құзғын-қарға.

Асығушы ем мектепке, сөмкемді алып,
Іші толған Робинзон, Соқпақбаев.
Жақсы оқушы болдым ба, дәм татпаппын
Таяғынан апайдың тоқпақтайтын.

Айыға алмай отырдым  түстен ғажап,
Есеюге асыққан аңқау шағым…
Балалық шақ, не деген тәттісің сен!?
Бала кезде жерінген бал қаймағым.

Түс көрдім мен, кеше түнде, ауыл жайлы
Ендім ойға ерке-лақ кезімді ойлап.
Жүйнек төбе басына барсам ба екен?!
Естелікке айналған қозымды айдап…

Жер

Қанша жұтса да, шөлі қанбайтын
Қылғыта түсіп, қарны тоймайтын,
Қаныпезер көреді, жұрт сені, Жер!

Сенің астың да, үстің де қымбат,
Қолы жеткені қармап жүр, пұлдап,
Жомарт көреді, жұрт сені, Жер!

Көкжиекке қарасам жазық даласың,
Ғаламға түйірдей нәзік қанасың.
Адамға алпауыт, алып анасың, Жер!

Өзгенің шектейсің сасық санасын,
Өзгеге ой сыйлар шабыт боларсың.
Қолында бағбанның сәби ғанасың, Жер!

Қар басқан тау мен су — тізбектен тұрасың,
Бойыңа біткенің суретке ұласып,
Қиял боп кішкентай кенепке сиясың, Жер!

Немқұрай әлдекім тастаған қоқыссың,
Әр адам сен үшін өзінше соғысты.
Оларды да өзіңе сыйғыздың, Жер!

Аңызға айналған қалалар қойныңда,
Адамның қалдығын тырмысып жойдың ба?!
Сен білгір дәрігерсің, Жер!

Сен үлкен табытсың, Жер!
Біздерге…

Диуана

Басына сезімін сәлде етіп ораған диуана шет-шегін таппады шәлкестеу ғұмырдың.
Шайтанның арбауын ұжмақтан төгілген сәуледей сағына жұтты да, күнәнің түбіне көмілді.
Сазарып төбеден төгілген күн нұрын арудың ақ бетін қытықтар ай нұры екен деп
Тік қарап отырып, көздерін күйдіріп алды да, соқыр көз түнектің көріне тығылды.
Оның әлемге құштар, өмірді сүйген көкірегіне түскен қара құрт кеулей берді санасын
Оның адамды сүйген балаң жүрегін тіршілік төбеті жұлмалай береді «сұмдардан адасып»
Оның жұдырықтай жүрегінде әлемді құшақтап жылытар сезім бар, сенім бар жылдарға жететін
Бірақ, байғұстың ол үшін құдайға төлейтін құны бар.

Құдайыңа да, құдай емесіңе де, төбені тескен төрешіңе де әлемде бейбіт өмірдің болғаны керек емес.
Құдайыңның да, құдай еместеріңнің де, құлағыңды ойған өтірікшілердің де айласы сен ойлағандай терең емес.
Осы шақты өткен мен келердің арасына жасырып қойып, шындықты абсурдтың қойнына тығып беріп
Менімен сенің санаңды басқа жаққа бұрып отырған шошқа қорасының иесі де сен ойлағандай керең емес.

Басына сезімін сәлде етіп ораған диуана біздерге өкпелі, қайырылып барады қара құрт кеулеген жүрегін жұбатып,
Адамның жамандарынан тоналған заманды, түлкінің құйрығындай бұратылған қоғамды алдына сұлатып
Тепкілегісі келеді, бірақ…
Шошқа қораның иесі оны шошқалардың табанына салып берді, жандары жағымпаздық пен құр аттандардан тұратын.

 

Ләйлі болсам да….

Ләйлі болсам да,

Мәжнүн болмадың

Жарығым менде не шара?

Сабылтып мені сарсаң қылғаның

Сағындырмасаң болмай ма?!

Жарасын тырнап жанымның жалғыз

Жараламасаң болмай ма?!

Мен Баян едім,

серігін  күткен

Қозыдай жаның жанбай ма?!

Жарығым нұр боп, ғарыштан жанған

Жалынсыз келсең болмай ма?!

Күтумен өткен күнімде мына

Күттірмей жетсең болмай ма?!

Осылай күтіп жүргенде сені

Мендегі жүрек солмай ма?!

Сезімім осы жанымда жанған,

Ол бір күн тасып толмай ма…

Тоқтатам қалай, шешімін тапшы

Шығатын  мұнан қайда…

Ләйлі болсам да,

Мәжнүн болмадың…

Бәрінен бұрын сол қайғы.

 

Үміт үйі

Қаламды ұстатып қолыма,

Қабырғам кеңеспей іс етті.

Жазғаным жабысып қолыма,

Қорқақтау жүрегім дір етті.

 

Тапсырған сезімге тірлікті,

Кінәлі шығармын, о тоба-ай?

Басыңа қыл арқан орайтын,

Тағдырдың тепсінген қаталы-ай.

 

Себепсіз сағынып, іздейтін,

Күдікті көңілді не етейін?

«Кет» деші, «Жоламай жүр» деші,

Жаралы жүрекпен кетейін.

 

Міндетті емеспін, емессің

Қаталы, кінәлі жүректер.

Сезімдер сезімге өкпелі,

Кінәлі-кінәсіз тілектер.

 

Қиялдың етегін ұстап ап,

Өзің деп өтуде бал шағым.

Үйленсең үйленіп кетсеңші,

Үміттен үй салып шаршадым.

 

Келісім

Секілді көздерде бетперде,

Қарғыс де кеп тұрған көктемге.

Қимасым, қабағың ашылсын,

Тағдырдың екпіні өктемдеу.

 

Жасалсын уақытпен келісім,

Бақытты сұрайын сен үшін.

Үндемей қабыл ал келгенде,

Бақытың бақыт қой мен үшін.

 

Ғасырлар өтсе егер өзгеше,

Көздерім көзіңді көрмесе

Қарап тұр осыдан шашыммен

Сағыныш бұрымын өрмесем.

 

Белгілі белгісіз күйіміз,

Бір затты өтінем түйіңіз.

Мен әлі күдерді үзбедім,

Бақыттан салынар үйіміз…

 

Екілік

Бүгін тағы қарсылыққа бекініп,

Өкпе назым жарып шықты жетіліп.

Арманыма барамын деп тырмысып,

Мен өмірден алып қалдым екілік.

 

Шу айнала, шақырады шаң дала,

Шыдам бітті шаң далаға шамдана.

Екілігім маңдайымда таңба боп,

Қадалып тұр қақ бөлуге қамдана.

 

Қызыл дала қызғалдаққа малынған,

Қызыл гүлден қызыл шәлі жамылған.

Сұлу болсаң не етейін, сұлулық

Бір арманға құлаш ұрып табынған.

 

Сұлулықтан сырт айналар пенде емен,

Не болды деп үнсіз қалсам тергеме.

Сұлулықты сенен көріп жүргенде,

Ал сен мені шаң далаға жерлеме…

Дақ жүректі шерге малып шерлеме.

 

Тықылдаса тартып алға сағатым,

Асыққаным болды-ау менің ағатым.

Екі сөздің басын құрай алмауым,

Екі көзден қимылыңды бағатын.

 

Сұлу дала, асқақ дала, шаң дала,

Кетті уақыт саған қайта таңдана.

Шерлі болсам шерлі болып кетейін,

Алып қалған екілігім аңдамай,

Таптап өтсін, аттап өтіп паңдана.

Ал сен мендік дақ жүректі шаңдама….

 

Уақыт

Сен тастап кеткен ғұмырдың бесігіндемін,

Иксті бассам «Қате» деп өшірілмеді.

Келгенде сәтім іздесең, табарсың оңай

Өмір бөлменің өлшенген есігіндемін.

 

Жазарым бар ма әлі де, жазарым бар ма?

Азабың бар ма бермеген, мазағың бар ма?

Елеңдетесің есімді, өлеңдетесің,

Ізімнен ерген кісенсіз ажалым бар ма?

 

Қарайлатасың өткенге қышқылдау ғана

Абайлатасың келерден, мысқылдай қарап.

Философ болсам ойлар ем,

Тек өзің жайлы

Әттеген, бағаң қалтамды  қасқырдай қабат …

 

Сағынтасың сұр сарғайған естеліктермен,

Себепсіз серік — жанымда өкшелеп ерген.

Көңілің келсе астаң ғып шашып тастайсың

Жасау-ойларды түкпірде кестелеп келген.

 

Бәрі өзіңмен өлшенед(і), байлық та, бақыт,

Сатылсаң бәрі берер ед(і), жаһұт та, ақық.

Көкелерімдей парақор болшы бір минут,

Жарығым, сені түгелдей алайын сатып.

 

Даңғаза күй

Даңғаза күй…

Тербетеді даланы,

Сар даланы, қарт ананы мен өскен.

Даңғаза күй…

Басып апты жер көкті,

Тұла бойды, ақ жүректі сен өшкен.

 

Сырлы қала…

Мені күтіп тұр әні,

Шер шемені жаңбыр болып құйылып.

Сырлы дала, табанымның астында,

Ренжулі ме?

Тұр-ау деймін түйіліп.

 

Сыбыр-сыбыр

Құлақ тұнды у-шудан

Көшесінен мекенімнің мен тұрған.

Гүбір-гүбір,

Қуалап жүр сені сөз,

Соқырлар ғой, көздерінде шел тұрған.

 

Ережелер

Ежелейтін мен жиі,

Қарсы алдымнан қақпалайды көп, тегі.

Терезелер… қабаттағы төртінші,

Көңілімді көкжиекпен шектейді.

 

Дархан ғұмыр,

Он сегізде гүл ғұмыр,

Жас көңілім албырттықпен көктеліп.

Қартаң ғұмыр..

Бүгін көрген қарт әйел…

Қанша арман, сағынышы кетті өліп?

 

***

Бақыт болып аталатын бір гүлді

Үзіп алып берсем деймін түбімен.

Сосын тағы, сүзіп алып сыйлайтын,

Жұлдаздардың тізімін де түзіп ем.

 

Көрген түсім айналмады өңіме,

Онда тәтті бал-шекерім көбірек.

Өкінішпен өзек толып шымырлар,

Мұңға толып кете берді төңірек.

 

Мен тағдырдан күткем сұлу, шақ ғұмыр,

Аққу-арман үмітімді қосып ұш.

Ішті тырнап, маза бермей отырған,

Қара түнде ұйықтатпаған өкініш.

 

***

Қайыстырып қабырғасын ойлардың,

Бүгін тағы талай жайды ойландым.

Гөй-гөйінен тіршіліктің таусылдым

Өрлігінен көкіректің ойранмын.

 

Ада жаным алаң болды қан қақсап,

Тіршіліктің барын берер бір мақсат.

Тамағыңды тұрса тіреп бір өксік

Шара жоқтан, бір мақсатың тұр ақсап.

 

Ойлар, шіркін, таусылмайды, таң қылып,

Бос басында өз дауысың жаңғырып.

Болса нетті өшіретін түймесі?

Тиылар ед(і) қисыны жоқ сан қылық.

 

Сапырылыс сан  құбылған, санамда,

Бір тыныштық керек екен адамға.

Жарық күнім, жарық берші, нұр берші

Суық жанға, қаһар қатқан ғаламға.