5 триллион теңге түсті, бірақ бюджет әлі де аш құрсақ…

Қаржы министрлігі 2025 жылдың 1 сәуіріндегі республикалық бюджеттің кірісі мен шығысы туралы есеп берді. Бір қарағанда бәрі жақсы. Қазынаға 5 трлн теңгеге жуық ақша түскен. Бірақ мұның сыртында жоспардан қалып қойған салықтар, игерілмей жатқан миллиардтар және бітпейтін бюрократия жатыр, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Түсім жақсы, алайда…
Жоспар бойынша бюджетке 6 трлн теңге түсуі керек еді, ал нақты түскені – 5 трлн. Бұл 83%-дық орындалу ғана. Айырма – 1 триллионға жуық. Десе де, салықтан түскен қаржы 3,1 трлн теңгеге жетіп, жоспардан сәл жоғары шықты. Қуантарлығы – табиғи ресурстар үшін төлемдер, мұнай экспортынан, корпоративтік табыс салығы мен импорт ҚҚС-тан артық түсім түскен. Бірақ бар жақсылықтың арасында көлеңке де жоқ емес. Төлемге қатысты тауарларға салынатын ҚҚС бойынша жоспар 101,6 млрд теңгеге орындалмаған. Салықтан тыс кірістер де көңіл көншітпеді – жоспардың 85%-ы ғана орындалды.
Ұлттық қор – «сен тұр, мен атайын»
Бюджеттегі негізгі тірек – Ұлттық қор. Сол баяғы, сенімді серік. Әдеттегідей әл  берген. 1,2 трлн теңге көлеміндегі кепілдендірілген трансферт 100% аударылған. Ал нысаналы трансферттің небәрі 18,5%-ы ғана игерілген. Яғни әлі көп ақша «күтіп отыр».
Шығыс көп,  бәрі игерілмеген
Бюджет шығысы да аз емес – 5,56 трлн теңге, бұл да 83,8%-дық орындалу. Бірақ бөлінген ақша жұмсала бермейді екен. Мәселен,  Көлік министрлігі  66,1 млрд теңгені, Ғылым және жоғары білім  7,2 млрд теңге, Мәдениет және ақпарат  4,9 млрд, Денсаулық сақтау  3,4 млрд, Жоғарғы сот 6,4 млрд теңге игермеген. Неге? Себебі бәрі баяу: келісімшарттар ұзақ рәсімделеді, құжаттар кешігіп келеді, кейде тіпті керек қаражат өз уақытында қажет болмай қалады. Бір сөзбен айтқанда – қазақша бюрократия жұмыс істеп тұр.
Қаржы министрлігі қаржының игерілмеу себептерін былай түсіндіреді:
– Негізгі себептер – келісімшарттар мен қосымша келісімдер жасау рәсімдерінің ұзаққа созылуы; орындалған жұмыстар актілерінің, шот-фактуралардың уақтылы ұсынылмауы; есепті айда қаражатқа қажеттіліктің болмауы; төлем негізділігін растайтын құжаттардың жоқтығы немесе берілмеуі; конкурстық рәсімдердің ұзаққа созылуы. Салықтар бойынша жоспар 84,6 млрд теңгеге артық орындалды. Бұл негізінен табиғи және басқа ресурстарды пайдаланғаны үшін төлемдер – 62,8 млрд теңге, халықаралық сауда және сыртқы операциялардан – 47,5 млрд теңге (соның ішінде мұнай экспортына ЭТП – 39,4 млрд теңге), корпоративтік табыс салығынан – 40,6 млрд теңге, импорттық ҚҚС – 44,7 млрд теңге түсуінің арқасында болды. Ал ҚҚС бойынша жоспар орындалмады – 101,6 млрд теңгеге, – делінген министрлік хабарламасында.

Квазисектор көп жұтады, аз қайтарады

Былтыр шоғырландырылған бюджет кірісі 27,5 трлн теңгені құрады. Бұл – сол кезеңдегі ІЖӨ-нің 20,3%-ы. Бір жыл ішінде көрсеткіш 0,8%-ға азайып, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері арасындағы ең нашар нәтиже болған. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) мәліметінше, ЕАЭО-ның басқа елдерінде, керісінше, шоғырландырылған бюджет кірісінің ІЖӨ-ге қатынасы артқан. Ал бізде түскен үстіне түсе берген. Ресейде бұл көрсеткіш – 33,5%-дан 35,5%-ға, Арменияда – 26%-дан 26,6%-ға, Қырғызстанда34,5%-дан 35,6%-ға дейін өскен. Бұл бұрылыста квазимемлекеттік сектордың(«Самұрық-Қазына» қоры мен ұлттық компаниялар)бүйрегі бюджетке бұрылмай отырғаны жанды ауыртады. Олар ІЖӨ-нің 40%-ын құрағанымен, бюджетке пайда әкелмейді. Кейінгі 5 жылда осықұрылымдар таза табысының 12%-ын ғана бюджетке аударған, ал 80%-дан астамын өз мақсаттарына жұмсаған. Президент Тоқаев бұл сектордың тиімділігін қайта қарауды тапсырды.

Ал Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, үлкен компаниялардың үлесін азайтуға кірісу керек.

– Қаржысы толып тұрған, бірақ экономикаға нақты пайда әкелмейтін құрылымдарды қысқартсақ, бюджетке 1 трлн теңгеден астам қаражат қайтуы мүмкін. «Самұрық-Қазына» қорының ішінде тек атын сақтап отырған, іс жүзінде пайда әкелмейтін бөлімдер жетерлік. Олар мемлекет қаржысын тұтынғанымен, нақты экономикалық тиімділік беріп отырған жоқ. Осындай құрылымдарды оңтайландырып, ашықтықты қамтамасыз етсек, ел қазынасына едәуір қаржы құйылады. Ұлттық компаниялар бюджет есебінен күн көретін «ыңғайлы орын» болмауы тиіс. Керісінше, олар мемлекетке табыс әкелетін, экономиканы алға сүйрейтін қозғалтқышқа айналуы керек, – дейді сарапшы.

Елриза САЛЫҚҚЫЗЫ