40 күн бұрынғы қобалжу. Өкілеті аяқталмаған Мирзиёевтің сайлауға түсу себебі неде?

Өзбекстан кезектен тыс өтетін президент сайлауына дайындалып жатыр. Сайлауға қазіргі президент Шавкат Мирзиёев те түспек. Құзіреті аяқталмаған ол неге асықты? Мирзиёевтің сайлауды жеделдету себебі неде? Көрші елдегі сайлаудың белгіленуіне берген қазақстандық сарапшылардың бағасы төмендегідей.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Түркиядағы президент сайлауында дауыс толық саналмай жатып, Режеб Тайып Ердоғанды алғашқылардың бірі болып құттықтады. Енді 40 күннен кейін, яғни 9 шілдеде Мирзиёевтің өзі де президенттік сайлауға қатыспақ. Ертең, 1 маусымда осы сайлауға кандидат тіркеу аяқталады. Орталық сайлау комиссиясы әзірге сайлауға түседі деген 4 адамды кандидаттыққа тіркеген.

«ШҰҒЫЛ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН РЕФОРМАЛАР»

30 сәуірде өткен конституциялық референдумнан кейін Өзбекстанда Негізгі заңның жаңа редакциясы қабылданды. Бұл өзгерістерге сай  президенттің бұрынғы өкілеті жарамсызға саналып отыр. Президент Мирзиёев осы референдум арқылы қайтадан 7 жылдық сайлауға түсуді заңдастырып алды. Өзбекстанда бір адам президент болып 7 жылдық екі мерзімге сайлана алады.

«Өздеріңіз көріп отырсыздар, біздің негізгі заңымызға сәйкес, біріншіден, барлық билік тармақтары реформаланып, олардың арасындағы қарым-қатынас пен тепе-теңдік түбегейлі өзгеруде», — деген Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев.

Президенттің айтуынша, жаңартылған Конституцияда президент, парламент, үкімет, министрлер, әкімдер алдына кезек күттірмейтін жаңа саяси, әлеуметтік және экономикалық міндеттер қойылған.

 «Халқымыз бізден барлық салада аса маңызды және шұғыл өзгерістер мен реформалар күтеді», — деген ол.

Қазақстандық саясаттанушылар Өзбекстандағы сайлау Орталық Азия елдері саясатына ешқандай әсер бермейді және сайлауда бәсекелестік болмайды деп санайды.

«БӘСЕКЕЛЕСТІК БОЛМАЙДЫ»

“Бұл сайлау да Қазақстандағы сайлаулар сияқты өтетіні анық. Біз әлі күнге дейін демократиялық құрылым жасаған жоқпыз. Сондықтан олардыкі де, дәл біздікі сияқты белгіленген тәртіппен өтеді” дейді саясаттанушы Дос Көшім.

— 1990-91 жылдарда олардан “Ерік”, “Бірлік” деген халық арасынан партиялар шыққан. Бірақ көп ұзамай қысымға ұшырап, қудалауға ұшыраған. Оның басшылары бас сауғалап елден қашып шығуға мәжбүр болды. Сөйтіп көбі Қазақстан арқылы қашты. Мен ұмытпасам, екі партияның екі басшысын 1994-97 ші жылдары Әбдіманап Болатовты – Вашингтонда, Абдрахман Булатовты Измирде кездестірдім. Қазіргі жағдайда оларда  саяси күш бар деп айта алмаймын. Барының бәрінің талқанын шығарды. Оларда мүмкіншілік болмады. Сондықтан саяси бағытта бәсекелестік болмайды. Қолдан ұйымдастырылған бәсекелестік болатыны айдан анық және оған көңіл бөлудің қажеті жоқ, — дейді саясаткер Дос Көшім.

«ҚОРҚЫНЫШ ПЕН ТҰРАҚСЫЗДЫҚ НЫШАНЫ»

Ал тағы бір саясаттанушы Серік Белгібай мырзаның айтуынша, Өзбекстан басшысы болашақта өзіне деген көзқарас өзгереді деп қауіптенетін сияқты.

 — Бұл қажетсіз сайлау және болашақ үшін қорқыныштың тікелей салдары болып табылады, — дейді ол.

Оның айтуынша, бұл сайлау – Өзбекстанның саяси және экономикалық тұрақсыздығының дәлелі.

— Мирзиёев тағы екі мерзімге сайлануы мүмкін. Конституцияның жаңа редакциясы бойынша президенттің өкілеттік мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылады. Бірақ, президенттің екінші мерзімі референдумға дейінгі Конституция бойынша 2021 жылдың қазан айында басталды. Жаңа Конституция ережелері бойынша жаңа мерзімінен бұрын сайлау жариялағаннан кейін ол үш жылын жоғалтады! Неліктен сайлау кейінірек, уақытында өткізілмейді? Неліктен осы жылдарды жоғалту керек? Сондықтан мерзімінен бұрын сайлау өткізу – тұрақсыздықтың нышаны. Және бұл өзбек билігінің, нақты айтқанда, Мирзиёевтің өзіне деген сенімсіздігін көрсетеді, — дейді саясаттанушы Серік Белгібай.

Оның айтуынша, бұл сайлаудан Ресейдің Украинадағы соғысының теріс әсері де байқалады. Ресей экономикасы құлдырап, ондағы өзбек мигранттары елге оралуы мүмкін. Олар елге келгенде, дайын тұрған жұмыс орны тағы жоқ. Бұл, әрине, әлеуметтік шиеленіс тудырады. Сондықтан өзбек билігі қазіргі салыстырмалы тыныштық кезінде сайлау өткізіп алғанды дұрыс санайды.

 — Қарақалпақстандағы былтырғы наразылық оқиғалары да Мирзиёевті тезірек сайлау өткізуге итермеледі. Ол Нөкіс оқиғасы кезінде орталық билікке қарсы бүліктің не екенін және оның билікке қалай қауіп төндіретінін өз көзімен көрді, — дейді Серік Белгібай

Осы оқиға Конституцияға енгізілмек Қарақалпақстанның жаңа мәртебесіне наразылықтан туындаған. Наразылықты күшпен басқан Өзбекстан билігі соңынан негізгі заңдағы Қарақалпақстан мәртебесін өзгеріссіз қалдыруға мәжбүр болған.

«ЭЛЕКТОРАДТЫҢ ТАНИТЫНЫ – ЖАЛҒЫЗ МИРЗИЁЕВ»

Тағы бір саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, Өзбекстандағы сайлауда әкімшілік ресурстың сыртында электорад тек қана Мирзиёевті таниды.

— Мирзиёевтің жеңісі бәріне анық. Сондықтан Мирзиёев кем дегенде 70-80 пайыз дауыспен «жеңіп» шығады. Ал Қазақстанға бұл сайлаудың ешқандай әсері болмайды,- дейді Ғазиз Әбішев.

Еске сала кетсек, Өзбекстанда 9 шілдеде өтетін кезектен тыс президент сайлауына кандидат ұсыну 17 мамыр мен 1 маусым аралығын қамтиды.

Қазіргі уақытта Өзбекстанда бес партия тіркелген: Өзбекстан халықтық демократиялық партиясы, «Миллий тикланиш» (Ұлттық жаңғыру) партиясы, «Адолат» (Әділет) социал-демократиялық партиясы, Либералды-демократиялық партия және Экологиялық партия.

Шавкат Мирзиёев бұл сайлауға либерал-демократтар атынан түсіп отыр. Сайлауға бұдан басқа Экологиялық партия, Халықтық-демократиялық партия және «Адолат» партиясынан кандидаттар ұсынылған.

Бұрынғы премьер-мнистр Шавкат Мирзиёев 2016 жылы күзде бұрынғы президент Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін жоғары билікке келген.

Ozgeris.info

adyrna.kz

Маржанзы  Елужанқы