«39 жасында өмірден өтті»: Дана Нұржігіт марқұм әкесіне жантебірентерлік жазба арнады

Дана Нұржігіт әлеумкттік желіде марқұм әкесіне жантебірентерлік жазба арнады, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Дана Нұржігіттің айтуынша, әкесі 39 жасында өмірден өткен. Марқұм мәдениет саласының дарынды ұйымдастырушысы болған.

«35 жыл… дәл осы күні Өмірбай әкем дүниеден озды. 39 жаста. Бары-жоғы 39! Дарынды күйші, дирижер, мәдениет саласының дарынды ұйымдастырушысы. Мемлекетшіл адам. Біз үшін ең мейірімді, ең қамқор әке. Шашымды өріп, киімімді үтіктеп, тамағымды әзірлеп мектепке апаратын, жолшыбай кешегі өткен тақырыпты талқылап, миыма құйып беретін ұстаз еді. Домбырасын алып, үйден шығып бара жатқаны әлі көз алдымда. Қаншама келіннің бетін ашып, той басқарып, жұртты ауызына қаратты. Жақсы-жайсаңдармен дос болды. Мәдени кештер ұйымдастырып, Мұхтар Шаханов, Мұзафар Әлімбаев, «Тамашаның», Роза Рымбаеваның концерттерін ауылға қойды. Шопандар слеті, көркем өнерпаздар байқауына тума таланттарды ауылдан іздеп сахнаға шығарды», — деді ол.

Журналист бүгінде әкесінің ізін басып келе жатқанын алға тартты.

«Менің әкем «Мәдениет Майданының» сарбазы еді. Осыны көріп өскен мен қайда барамын?! Туыңды жықпау-міндетім, әке! Бір сәт те есімнен шыққан емессің! Мен – осы дүниеде жер басып жүрген өзіңмін!», -деп жазды Дана Нұржігіт.