Ресейде белгілі әнші Игорь Тальковты өлтіру ісіне байланысты 34 жылдан кейін сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
Санкт-Петербург соттарының бірлескен баспасөз қызметінің мәліметінше, Петроград аудандық соты Тальковтың бұрынғы концерт директоры Владимир Шляфманды сырттай 13 жылға бас бостандығынан айырып, оны жалпы режимдегі колонияға жіберу туралы шешім қабылдады.
Сот отырыстары Шляфманның қатысуынсыз өтті. Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмыстан кейін ол Израильге кетіп, сол жерде жасырынып жүрген.
1991 жылдың 6 қазанында Санкт-Петербургтегі «Юбилейный» спорт сарайында Игорь Тальков қайтыс болды. Тергеу деректеріне сәйкес, жанжал оның концерт директоры Валерий Шляфман мен әнші Азизаның өкілі Игорь Малахов арасында шыққан. Кикілжің сахнаға шығу кезегі үшін туындаған.
Айтыс барысында Малахов тапанша суырып, Шляфман оны тартып алған. Тергеудің бір нұсқасы бойынша, ол шабуылды тоқтатпақ болып оқ атқан, бірақ оқ Малаховқа емес, Тальковқа тиіп, оның қазасына себеп болды.
2022 жылдың қаңтарында Санкт-Петербург соты Шляфманды сырттай қамауға алып, 2024 жылдың маусымында іс сотқа жолданды.
Игорь Тальков — кеңестік рок-музыкант, әнші, ақын әрі актер. 1956 жылы Тула облысындағы Щёкино қаласының маңында дүниеге келген. Шығармашылық жолы Тулада басталып, алғаш рет «Песня года» фестиваліндегі «Чистые пруды» әнімен танымал болды.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру