Бүгін өзім қатты силайтын жазушы, әрі ақын ағамыз:
«Бауырым, мына табиғатпен үндескен әңгімең өте әсерлі шығыпты. Бір демде оқып шықтым. Жазушылық, журналистік те қабілетің бар екен, солай қарай бет бұр!» деп ағалық ақылын айтты. Қабылдадым, бір мезгіл алданып қысқаша әңгімелер жазсам деп шештім. Әйтпесе, мына саясаттың сасық батпағы аяқ алып жүргізетін емес сияқты.
Абай атамыз айтқандай:
-Басымнан өткен жайларды жазайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі ғой деген ой келді.
30 ЖЫЛДАН СОҢ ИЕСІНЕ ОРАЛҒАН ИТЕЛГІ.
(болған оқиға ізімен.)
Құрметті ағайын, осы бір өз басымнан өткен, әлі күнге дейін аспаннан ұшқан құс көрсем көз алдыма келетін, мен үшін таңғажайып оқиға жайлы сіздермен бөлісе отырсам деймін.
Менің кіндік қаным тамған жерім, Семей қаласы, Абай ауданының Архат ауылы.
Танымал ақын Бауыржан Жақыптың:
Жартаста жаңғырығып қалған үнім,
Сәлем саған Архатым, арда ауылым.
Бұлағың қос жағадан күй тербетіп,
Тауыңның әлдилеген ән бауырын. — дейтін өлең шумағына өзек болған, жасыл құрақты, сылдырап аққан сылқым бұлақты, тоғайы шулы, сайы нулы, атырабы аңызға толы, өлкесі жусан исі аңқыған таулы өлке.
Сонау ықылым заманның талай шапқыншылығын да бастан өткеріп Үш келіншек, Күйметасы өз алдына бір аңыз болса Абай атамыздың жастық шағына куә болған Сандықтасы да өз алдына тұнып тұрған тағлымы мол тарих.
Ауыл шетіндегі «Сарқырама» өзі де құлдыраңдаған біздер үшін әлемді таңдай қаққызатын Ниагарадан бір кем емес еді-ау.
Шуылдап таласып астына тұра қалып шомылатын сәттері қайта оралмас сәби шаңымның ұмытылмас қиял-ғажайып кереметтері еді.
Алыстаған сайын жақындай түсетін киелі сәттерімді қалайша ұмытайын. Кеңестік заманда көшпенді өмірдің жаугершілік тағдырын бейнелеген «Жаушы» фильмі де осы Архат ауылының сілемі Қопа тауының баурайында түсірілген еді.
Алыстан көз ұшында мұнартып жаугершілік заманның тағы бір табиғи экспонатындай Орда тауы да «мен мұндалайды».
Иә, менің кіндік қаным тамып, балалық шағымның табанының өшпес ізі қалған туған әсем өлкем сондай киелі мекен. Әсіре мақтағаным емес, ақиқаты осы, жалпы, әркімге өз туған өлкесі- жер жәннаты ғой.
Сіздермен бөліскелі отырған басымнан өткен оқиғаның бастауы сол туған ауылымда басталған еді. Айтар ойымның ең маңыздысы да екінші бөлігінде болғанымен бас жағына мән бермеген адамға түсініксіз болуы да ғажап емес.
Сондықтан асықпай жайланып отырып оқыңыздар. Әңгімеме өзек болар оқиға да өз бастауын сегізінші сыныпқа көшкен кезімде басталды. Әңгімемнің басында Архат ауылы кешегі Абай атамыздың ізі қалған, аң-құсқа бай, аңызға толы таулы мекен деген едім ғой.
Әкем марқұм заманында бұл өлкеде арқарлары қазіргідей таудың құзар биіктерінде емес, баурайында топ-тобымен жайылып жүретінін есіне жиі алатын.
Бір күні сабақ үстінде көршім, әрі парталас та көршім, балалық бал дәуреннің талай қызығын бірге өткерген досым Самат маған кеше таудан ителгінің ұясын көргенін, және де ұяда төрт балапан бар екенін айтып, асырайық деп сыбырлады.
Әр нәрсеге қызығушылығы басым аусар кезіміз ғой, бірден келісе кеттім. Сонымен ертеңіне Самат, Нүркек және мен үш дос басымыз қосылып тауға тартып кеттік.
Ұяға көтерілу біраз қиындық тудырса да көзімізді ашқалы сол тауда әртасына дейін жаттап өскен балалармыз ғой. Ішіміздегі епті Нүркек досымыз жоғарыдан ұяға еш қиналмай түсіп, ақүрпектен сәл қара қанаттана бастаған төрт балапанның үшеуін олжалап алып ауылғабет түзедік.
Бірер күн үйден жасырып ұстадым, әкем Шаяхмет балаға қол тигізбесе де бала тәрбиесіне көп көңіл бөлетін талапшыл адам еді. Бір жұмадан соң «қылмысым» ашылып қалды, бірақ әкем енді апарғаныңмен ұябасар қабылдамайды деп өсіруіме рұқсат берді.
Балаға деген мейірімі де жетіп артылатын, ондайда мен де бір жырғап қалатынмын, тек ондай сәттер апайларыма қарағанда менде сиректеу еді.
Үш бәсекелес білек сыбана кірісіп дегендей әртүрлі саятшылық жөніндегі әңгіме-мақалаларды іздеп жүріп оқып дегендей, ептеп құсбегілік «сауатымыз» ашыла бастады.
Ойымда қалған басты талаптарының бірі ысталған, тұздалған ет бермеу, тұрған жері түтінен таза болуы, тек жас етпен қоректендіру т.т сияқты қатаң талаптарын шамамыз келгенше бұлжытпай орындадық.
Бір қызығы, үшеуміздің де балапан құсымыз аман өсті, және қалған екеуіне қарағанда менікі ірірек болды, ол да мен үшін мақтаныш еді, соған қарағанда ұрғашы болған сияқты.
Аяқбауы, шыжымы, томағасын жайлы қылып тігу, тұғырын жасау тағысын тағы талаптары да әрқайсымыздың тарапымыздан бар өнерімізді салып аса ыждаһаттылықпен жасалған дүниелер болатын.
Өзім қамшы-жүген өруден аса шебер болған атаның бауырында өскендіктен ондай талаптарға аса қинала да қоймадым. Достарыма да томаға тігу жағынан көмектесіп отырдым.
Жас балапанды тұғырға, томағаға үйретудің де біраз қиындықтары болды, еш жалықпай тәрбиелегендіктен құсым бәріне де көндікті. Басында келгенде жатырқап айбат шегіп тістесе де, уақыт өте келе бәріне де ақырындап мойынұсынып көндіге бастады.
Тіпті оның саңғырығын да ешкімді қораға кіргізбей жеркенбестен өзім тазалайтынмын. Тіпті ол ителгімді басқалардың сипап көруінен де қызғанатынмын.
«Шорадағы қасиет — тілдес екен бар құспен» дегендей, әлгі құсыммен оңашада «сыр» шертетінім өз алдына естен кетпес бір қызық шақтар еді-ау.
Менің сөзімді түсінбесе де әрқимылымды қалт жібермей басын екі жағына кезек қисайтып құлақ түретін, нағыз тыңдарманым да сол баллапан ителгім еді.
Құс екеш құста сипағанды жек көрмейді, тек жиі сипалау да зиян. Құстың да иесіне деген ерекше бауыр басу мінезі пайда болады екен, мен кіргенде кәдімгідей қанатын қағып «келдің бе» деп қуанатындай өзгеше бір әбігер күйге түсетін.
Бала күнімнен рогатка атуды жақсы меңгергендіктен күніне ең болмағанда саршұнақ, кейде көгершіннің жас етінен кенде қылған күнім жоқ.
Тіпті маңайдағы балалар да қораға кіріп бір көріп шығу үшін, ерінбей саршұнақ, тышқан ұстаса да маған әкеліп тұрды. Бір жолы көрші балалар ағалы- інілі Ерсін, Енұр бауырларыма қатты ренжіген екенмін.
Оның өзіндік себебі де бар екен. Балалық қызығушылық, ителгіні жақыннан біркөру үшін неге де болса дайын ағайынды балалар үйлеріне ұя салған қарлығаштың бірін атып алған екен.
Балалық аңғал білместік қой, қатты ренжідім десем бер жағы болар. Жасы үлкен ес білері болғандықтан Ерсін бауырыма: «аққу мен қарлығаш киелі құстар ғой, қарлығашты неге аттыңдар» деп қатты жазғырсам керек.
Есімнен шыққан бұл жайды қазір өз ортасына силы, беделді қызмет атқаратын Ерсін бауырым өз аузынан айтып еске салып бір күліп алдық.
(Тақауда «Ертіс өңірі» газетінен әңгімемді оқыған екен, сол жылдардың бір куәсі ретінде қосып отырмын.) Бір жағынан сол аңғал балалықпен абайсызда жасалған сол келеңсіз әрекеттерін өкінішпен еске алғаны да білгендігі ғой.
Ал мен өз тарапымнан сол қарлығаштарды құсымның ас мәзіріне ұсынбай жерге көмгенім айтпаса да түсінікті. Жалпы құсым тамақ жағынан таршылық көрмеді, ас мәзірінің «ассортименті» таршылық десем де болады.
Артымнан ерген інілерім екі інім «мерген» Роллан мен Нұрлан да біркісідей қамқорлықтарына алып көмектерін аямады. Күлкілі болса да, бір жолы інілеріммен бірігіп үлкендерге айтпай үйдегі кәрі әтешті де құрбандыққа шалып жібергеніміз де бар.
Енді қырық жылдан соң сол кәрі әтештің неге «із-түзсіз жоғалып» кеткенін мойындауға болар деймін. Ол кезде құсым іріленіп өсіп қомағайланып тәбеті де артқан болатын. Тауыққа мінбек түгілі қуып жете алатын қауқары азайған кәрі әтеш арқылы ителгінің күш қуатын сынап көрейік деп ойласақ керек.
Сайыс алаңы тар қораның іші еді. Жыртқыш құстың аты жыртқыш қой, ұшуға да жарап қалған ителгім күш қуаты тайған әтеш байғұсты әп-сәтте ту талақай қылып қомағайлана жүнін бұрқыратып ақтарып тастады.
Ауылдағы үш «құсбегі» де күнара бас қосып, өзімізден бұрын құстарымыздың хал-жағдайын сұрасып дегендей, әркім өз құсымызға шаң жуытпай, жер көкке тигізбей жарыса мақтай жөнелетінбіз.
Құстарымыздан сұрап әуре болып жатпай-ақ күзде неге, қандай аңға салатынымызды да көз алдымызға елестетіп кесіп пішіп қойған едік. Қояныңыз бер жағы, түлкіден де дәмелі едік. Сонымен уақыт бір орнында тұрған ба, аяңдап қоңыр күз де келді.
Самат досымның ителгісі көршісі Жолдыбай ағамызды тауығына түсіп тауық қожасының ашасына құрбаны болыпты. Нүркек досымыздың құсы ізім-қайым қашып кетті-ау деймін, анық есімде қалмапты.
Ал менің құсым қашпады, ауылда бағыт-бағдар берер құсбегі жоқ, шама-шарқымызша талмай ізденіп оқып жүрген біліміміз аздап болсын кәдеге жарады.
Қолыма ителгімді қондырып мықшыңдап шыққанда «мына Әмкеңнің немересі қайтеді-ей..» деп үлкендер де мына таңсық көрініске таңырқай қараушы еді.
Әйтеуір одан-мыннан оқып үйренгенім бойынша маңайдағы балалар жиналдық. Оларға да керегі қызық қой, қоян тулағын(далабай) шөпке толтырып көзі орнынан аздап шекер себілген жас ет шығарып одан бір күн ашығып тұрған ителгіме дәмін татқызып, ұзын жіппен бір бала сүйретіп жүгіруді тапсырдым.
Мен түгілі мысқылдап күле қарап тұрған үлкендердің өзін таң қалдырып ителгім әлгі «далабай қоянға» бірден түсті.
Ойымда қалғаны, қолымнан ұшып шыққанда бірден тік көтерілмейтін, қолдан құлап түскендей әсер беріп жер бауырлап ұшып барып түсуші еді, жалмажан қоян тулағынан шығып тұрған етті қылғыта бастайды.
Сөйтіп аяқ астынан маңайдағы балаларға құсбегі болып шыға келдім, балалар да қызыға қарайтын. Сол кездегі кеуде керіп аспандаған мақтаншақтығыма Том Сойердің өзі де астар болмай қалар ма еді. Бірақ «аңға» шығып үлгермедім, бәрін сырттай бақылап жүрген әкем марқұм: «балам, мына құсты әйтеуір қоймай жүріп өсірдің ғой, енді менің тілімді алсаң еркіндікке жібер, бұл дала құсы, обалына қалма. Ертең қораға мал келеді, үйге асырай алмайсың, үсіп қалса өкініші кетпейді, босат.» деді.
Шіркін, әкенің бір ауыз сөзі бұлжымас заң, қайталауды қажет етпей орындалатын кездер еді ғой. Балапан кезінен асырағандықтан қимай, көзіме жас келіп тұрса да бірер күн қырсыққанмен ақыры босатуға мәжбүр болдым. Сенесіздер ме, құс екеш құста иесін бауыр басады, таниды, тек мен шақырсам ғана келетін. Босатқан соң да екі күндей келіп жүрді, ара-тұра шаңқ етіп қойып үйге тақау биікке қонып отырады, ал мен бар болған жаутаңдап қарай беремін, тек шақыра алмадым. Оң аяғындағы атам марқұмнан қалған, қолдан иленген мықты теріден жасалған бірқарыстай аяқ бауын шешпеген болатынмын.
Кім біледі, әкем ойынан айнып қалар деген балалық балғын үмітімнің сөнбеген шырағы болар. Қанша дегенмен дала құсы ғой, мен сияқты қашанғы жаутаңдап қарай берсін. Кешке таяу күн ұясына батып бара жатқанда ақырғы рет шаңқ етіп үн шығарды да төбемнен екі-үш айналып тауға қарай тартып кетті, сол кеткеннен мол кетті.
Енді ешқашан да оралмайды деген қимастық сезіммен екі көзіме ыстық жас толып, алакөбеде жылдам нүктеге айналып бара жатқан көктегі құсымның соңынан ұзақ қарап тұрдым.
Бұл қимастық маған сол сәтте не қалдырды екен?
Мүмкін сол кезде «қатыгездік» танытқан әкеме ренжіп, сондай қыранға айналып артынан қуып кетсем ғой деген балалық қияли қиялды қалдырып кетті ме?.
Қас қарайғанша қызарған көзімді көрсеткім келмей намыстанып үйге кірмей жүргенім де содан болар. Тамақ ішпей жатып қалғаным да айтпаса да түсінікті.
Ал сол нүктеге айналып алыстаған, ақүрпек кезінен асырап бауыр басқан құсымның көзімен алып қарасам қалай болар екен? Бәлкім, құсымның көзіне құдыретті иесі болып көрінгенмен, ұстап қалар иесі болуға жарамағаныма ол да өкпелі кеткен болар.
Бұл балалық қиялда шек бар ма.. Дегенмен мұның бәрін — сырт көзге елеусіз ғана жүретін, намысы аласа бойынан биік, сыртта таяқ жесе де үйге мұңын шақпайтын, пікірімен ешкім аса санаса бермейтін, бір жапырақ елеусіз бала Ерланның қиялы ғана деп қабылдаңыздар. Болашағым Алланың қолында болғанымен, өткенім өзіме аян ғой.
Ұмытып барады екенмін, кейіннен көргендері рас болса көрші балалар: «сенің ителгіңді көрдік, аяғындағы аяқ бауынан таныдық, келді» десіпжүрді, бірақ мен аспанға қарап ұшқан құстарға қанша тесіле қарап елеңдеп жүрсем де енді қайтып көзіме түспеді.
Мұның бәрін неге айтып отырмын, енді әңгімені жазуыма себепші болып қолыма қалам алғызған негізгі бөлігіне оралайын. Содан бері талай жылдар өтті.
Ер жетіп есейдім, үйленіп шаңырақ көтердім, балаларыма өзім де әке атандым. Қазір көз жіберіп қарасам, содан бері талай қиындығы басымырақ болса да, қуанышты сәттері де жетерлік біраз өмірді бастан өткеріппін.
Ауылдан көшіп қалаға келгенімізбен ұйықтасам түсімде ауылды жиі көретін сағыныштан арыла алмай жүргеніме деқырық жылдан асыпты. Ағын судай зымырап өтіпжатқан уақыт-ай десеңізші.
Сірә, «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деген осы-ау.
Айтар әңгімемді не үшін сонау балалық шақтан бастап отырғаным түсінікті болса онда өміріме үлкен жұмбақ оқиғаға да кезек келіп жеткен сияқты.
Бұл оқиғаны жазуға арқау болып маза бермей қолыма қалам алғызған да осы әңгіменің балалық шақпен өрілген оқиғасын өшпестей етіп із қалдырған маңыздысы да, ғажайыбы да осы екінші бөлімінде.
Ал кеттік…
2007 жылдар шамасында жарым Жанар екеуміз «өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген тіршілік қамымен базар жағаладық. Сондай сүреңсіз күндердің бірінде шаршап үйге кеш қайтып келе жатқанбыз.
Үйге жиырма қадамдай қалғанда кенет құлағыма сол асыраған ителгімнің өмір бойы санама жатталып қалған үні шаңқ етіпестілді, әрине, ол емес шығар.
Қалай дегенмен оқыс селк ете қалып: «Жанар, мына дауыс менің ителгімнің үні ғой…» деп даусым еркімнен тыс қатты шығып кеткенін өзім де байқамай қалдым.
Өйткені, неше жыл бірге отау құрып, түтін түтетіп келе жатқандықтан жанымыздағы жарымызға балалық шағымыздан сыр шертіп айтатынымыз бар ғой, ол да естіген бала кезімде ителгі асырағанымды.
Енді мына басты қызықты қараңыздар, әлгі даусы естілген ителгі тура менің жартылай жерге уірген аласа үйімнің төбесінде отыр екен.
Мен сасқалақтап «бопым, бопым» деп қалай жалаңаш қол созғанымды да байқамай қалған екенмін. Алла куә! әлгі ителгі еш жатырқамай далпылдап келіп менің білегіме қонды, қолымның ауырғанына да қарамай аяқ бауынан шап бердім.
Мұндай оқыс жағдайға Жанарда шошып кетіп: «жібер, жібер, көзіңді шұқып алады» деп жанұшыра безілдеп тұр.
Маңайда жүрген бір-екі жасөспірім балаларда жүгіріп келіп тек кинода ғана кездесетін мына жағдайға таң қалғандарын жасыра алмай «дядя, дядя, как вы поймали, вам не страшно?» деп естері шығуда, тіпті жақындап тақауға қорқып тұр.
Ал менде ондай қорқыныш сезімі мүлде болған жоқ еді, тіпті жоғалып кеткен ең жақын жанды тапқандай қуанғаннан өрекпіп жүрегім аузыма тығылып адам айтқысыз бір күйге түстім.
Бір сәт меңіреу адамдай есімнен айырылғандай тұрып қалдым десем артық айтқандығым емес. Оған себеп — мына ителгі құстың да түр келбеті, көлемі мен асыраған ителгіден аумағаны былай тұрсын оң аяғында тура менікіндей сыңар аяқбауы бар екен.
Тура сол құсымың бейнесінде отыз жылдан соң оралып қолыма қайта қонған адам айтса сенгісіз ғажайып жұмбақ жағдай еді. Жақсы бұл басқа ителгі дейік, біреу қашырып алып адасып кетті деп дау айтайық.
Онда айтыңыздаршы, бүкіл қаладан тура менің үйіме келіп, оның үстіне еш жатырқамай біршақырғаннан қолыма келіп қонуы қалай? Оң аяғындағы аяқбауы ше? Осыдан соң жауап іздеп көріңіздерші.
Кім не ойласа да мен үшін бала кезімді алып келген ғажайып оқиға. Осындайда мына тылсым құдыретке бас имеске еш шараңыз да қалмайды екен. Тіпті лотореядан миллион ұтып алған адам да мұндай жан дүниені астан-кестең жасаған аласапыран күйге түсе қоймас деймін. Сол сәтте мүлде есім шығып кетті.
Содан ол ителгі үйімде екі күн болды, анығы ауламдағы мыжырайған қорамда, ертеңіне мал сатумен айналысатын бауырымнан барып қойдың шикі өкпе-бауыр жылы жұмсағын барып алдым.
Құдай-ау, тіпті қомағайлана жегені де аумайды. Телміре қарап, түсінбесе де «сөйлесіп» қорадан шықпай көп отырдым. Кешкі асымды да шала-шарпы ішіп түн ортасында қайта-қайта далаға шығып бір магнит тартқандай қораға барғыштай бердім.
Тағы бір есімде ұмытылмастай қалғаны, қора ішіне балаларым кірсе жатырқап желке жүні күдірейіп айбат шегетіні де еді, тек маған ғана ондай тосын мінез танытпады. Ол да шын өз иесін тапқандай еді. Сөйтіп мен Алла тағаланың құдыретімен балалық шағыммен қайтадан қауышып армансыз сырымды ақтарып тілдестім.
Тіпті құшақтай ұстап бауырыма басып ұстасам да ителгі бұлқынып еш қарсылық танытпады. Сонымен ертеңіне жұмысқа бара сала әріптес жігіттерге, ұмытпасам, ішінде Айбек Сапышев деген ақын ағамыз бар еді, бәріне таңданысымды жасыра алмай ителгімді жыр қылып айттым.
Сол-ақ екен, кім жеткізгенін білмеймін түстен кейін екі жігіт жетіп келіп тұр: «брат, сізде ителгі құс бар екен, бағасына келісіп сатып алайық..» дейді.
Сол кездерде арабтар Қазақстаннан құс сатып әкетіп жатыр екен, жаңа көлікке де айырбастайды деген әңгіменің қызып тұрған кезі, ұзынқұлақпен жетіп жататын, құлақ болған соң естиді ғой.
Әрине, ақшадан қысылып базар жағалап жүрген маған сол кезде көктен өз қанатымен ұшып келген «қомақты қаражат» артық болмас та еді. Бірақ шұғыл ойланып маған сенім артқан, пана тұтып келген ителгіні азаттығынан айырмаймын деген шұғыл шешімге бірден қабылдадым.
Сол оймен ителгі құсты, дұрысы ителгімді сатпадым. Шыны керек, балалығымның бір ұмытылмас бір ғана сәтін тарту еткен құсты сату- баға жетпес аса қымбат балалық шағымның бір парағын, құс та болса киелі сәтімнің куәсіне жасалатын сатқындық деп түсіндім. Бұл қайта оралмас балалықтың қаншалықты құнды екенін, ар-ұят, сенім деген қасиетті ұғымдардың барлық құндылықтан жоғары тұратынын ұқтырған қас-қағым сәті еді.
Ұят та болса: -Жігіттер ұстап алғаным рас еді, бірақ, қашырып алдым…- деп бетім қызарса да жалған айтуға тура келді.
Сендіре алмадым-ау деймін «ойланарсың» деп кетті, несін ойланамын. Осындайда ойлаймын, кейде адамдығыңды сақтап қалу үшін ешкімге залалы жоқ өтіріктің де зияны жоқ екен-ау. Бойымды құсымды бөгде адамдар иеленіп кететіндей қорқыныш билеп үйге де ертерек қайттым.
Келе сала ителгіні қорадан алып шықтым да «бара ғой» деп үшырып қоя бердім. Бірақ мен жіберді екен деп кете қою ителгінің ойында мүлде жоқ сияқты, ұшқан беті есігі ашық тұрған моншама барып кірді. Сонымен қайтадан қораға апарып өзі ұшып кетер деп есігін ашық қалдырдым.
Таңертең қораға кірсем мені көріп дүр сілкініп қойып әлі отыр, кетпепті. Мына таңданысымды жасыра алмасамда есікті сол беті ашық қалдырып, біраз еркелетіп сипалап жұмысқа кеттім.
Алғашқы ақүрпек балапан ителгіні ұясынан алған кезде өзімде балауса бала болдым, сол еліктегіш балалық арманым құсбегі болам деп те қиялдады. Ақылы асқар таудай әкем мәпелеп өсірген құсыма бір ауыз сөзімен еркімнен тыс азаттық бергізді ғой.
Енді бүгін өзім де әке болғанда сол құсқа өз еркіммен азаттық беруді жөн деп санаған едім.
Аруағыңнан айналайын әкетайым, жаның жәннатта болсын, көзің тірі болғанда араға отыз жыл салып қайтып келіп қолыма қонған ителгіні көрсең менен кем таңданбас едің-ау деп ойлаймын.
Сонымен кешке таман жұмыстан келсем ителгі саңғытқан ақтаңдақ мөрлерін ғана қалдырып ұшып кетіпті. Бір сәт аспанға қарап көңілім құлазып жабырқап та қалғанымды жасырмаймын.
Мен оны бәрібір қалада асырай алмас едім ғой, ақшаға айырбастауға арым жібермеді. Міне, адам сенгісіз осындай жағдай менің басымда қайталанды, араға орда бұзар жас салып таң қалдырды, балалық шақпен екі күн болса да қайта қауыштырды.
Содан бері күні бүгінге дейін аспанда қалықтаған құс көрсем сол жәйт бірден есіме түседі, тіпті сол құсым ба деп қарайлаймын.
Адам баласы қызық қой, кейде ұшып бара жатқан қыран құс көрсем «бопым, бопым..» деп айғайлайтыным бар, әзірге құлақ түріп қайырылған ондай құсты байқамадым.
Мүмкін, бұл мені қорғап жүрген, көгімде қалықтаған періште кейпіндегі құсым болар, оған енді өзім де әке атанып, өмірге байсалды көзбен қарап өз еркіммен шынайы азаттығын тарту етуді өз маңдайыма жазылған болар. Кім білсін, тек бір Құдайға аян!
Кейбір пенделер бәрінде ақшаға сатып алуға болады деп ойлайды, ондай адамдар да кездесіп, онысын «бес тиының жетпесе дүкенде нан бермейді» деп қызыл кеңірдек болып дәлелдеп те жатады ғой.
Жоққа да шығармаймын, бір теңгең жетпесе нан бермейтін қатыгездігі де қатар жүретін қоғамға айналдық. Көпшілікке кінә артпаспын, бірақ осы өмір жолымда біраз жандардың мейірімсіздігінен көңілім қалған, сондықтан айтамын.
Бір күнгі масабына малданып жапанды жалпағынан басып жүрген ондай жандарға қарсы айтар уәжімде жоқ емес. Егер, бәрін ақшаға сатып алуға болатын болса, осы менің басымнан қайталанған оқиғадай өміріңіздің ең қымбат осындай қимас бір сәтін әлемнің бар байлығына сатып ала алар ма едіңіз?
Дүниенің бар байлығынан жоғары тұратын рухани құндылық бар, ол- адамгершілік, және ешқандай алтынға айырбастап сатып ала алмайтын қайталанбас осындай балалық шақтың қайтып оралмас қас-қағым сәттері, мән беріп бағалай білсеңіз.
Әрине, менің басымнан қайталанған мұндай ерекше киелі кездесуді басыңызға бұйыртса. Біреулер үшін бұл ертегі болар, бірақ мен үшін өте ғажайып болған оқиға, сондықтан менің бала кезімдегідей «ешқашан» деген сөзді ешқашан айтпасаңыздар деймін.
Табылды Досым айтқандай, қазақ халқы қашанда өз биігін қыранының қанатымен өлшеген ел ғой, басымнан өткен осы бір қыранға қатысты оқиғаны тек өз ішімде сақтамай сіздермен де бөлісуді жөн көрдім. Мүмкін бұл таңғажайыптың жауабын айтар бір жан да табылып қалар.
Біреулер үшін адам сенбес жағдай, сондықтан оқып отырған адам үшін бұл ойдан шығарылған қиял деп қабылдануы мүмкін. Бірақ мұнда жүз пайыз шындық бар, оған Алла куә, өзімнің арым куә, менің жанұям- жарым мен балаларым куә!
Кім не ойласа да, осы бір тылсым оқиға, мен үшін өмірімнің ерекше ғажайып сәт. Сондықтан адам баласының басында өте сирек кездесетін осындай ерекше сирек құбылыстың иесі атандым деп мақтанышпен еске алуым түсінікті ғой.
Өзім де кейінірек оңашада түрлі ойларға беріліпсәйкестік болар деп те ойлайтынмын. Бірақ қанша сәйкестікке баласам да қаладан менің кішкентай ғана үйімді таңдап келді? Келіп қолыма қонған ителгі құс отыз жыл бұрынғы өз ителгімнен аумайды?
Көңілімде көз қарасы, отырысы, көлемі, әр қимылына дейін жадымда жатталып қалған тура сол құс қой. Ең басты таң қалдырғаны, неге мұның да оң аяғында аяқбауы бар? Қалайша мен шақырғанда еш жатырқамастан бірден келіпқолыма қонды? Андыздаған жауабы жоқ сұрақтар.
Қос ителгінің де екі күн қарайлап тосатыны ол да жұмбақ, мен үшін қалған өміріме өзек болар шешуі табылмас аса күрделі тылсым құпия.
Қалай болғанда да мен сол ителгіге азаттық бергеніме ешбір өкінішім жоқ, әлі күнге дейін қуанатындаймын, тек қимастықпен еске аламын.
«. Шыны керек, адам баласының бойынан талап етілетін өмір емтиханын өте жоғары бағамен қорғап шыққандай да әсерде боламын. Абай атамызайтқандай: «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын».
Осындай таңғажайып оқиғадан соң заңғар ақын Қадыр Мырза — Әлініңде: «Адам боп туу – анадан, айуан боп кету- өзіңнен» деген шумағы оралады, баршамызға адам деген қасиетті ұғымға лайықты болып, қыран қанатымен өлшенетін биігімізде қалуды нәсіп етсін деймін. Жақындарыңды да, өзіңді де қуанышқа бөлейтін бақыттың кілті әр адамның қолында бар, тек оны кім игілікке жаратады, кім суға лақтырады. Енді сол кезге қайталап көз жіберіп баға берер болсам жер бетіндегі тіршілік иелерінің ішінде саналысы адамға сенім білдірген дала құсын қаражаттан қиналып жүргенде бас пайдаңа жаратпай адами биік парасатыңды сақтап қалудың өзі де ғажайып сезім екен-ау.
Иә, ағайын, мен шын мәнінде бақытты екенмін. Жан дүниелеріңіз табиғат ананың тағы да бір тылсым оқиғасына толықты деп ойлаймын, уақыт тауып оқығандарыңызға рахмет!
Ерлан Шаяхметұлы,
Семей қаласы
ПІКІР ЖАЗУ