3 млн теңге айлық алатындар салық органының VIP-тізіміне кірді

Елімізде жоғары табыс табатын азаматтар енді салықты бұрынғыдан көбірек төлейтін болады. Бұл норма жаңа Салық кодексінде қарастырылған. Мәжіліс мақұлдаған құжат Сенаттың қарауында жатыр. Құжатқа сәйкес, елімізде жеке табыс салығына дифференциалды мөлшерлеме енгізіледі. Енді кім көп тапса – соған салмақ та көбірек түседі, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Бұған дейін барша азаматқа табыс салығы біркелкі – 10 пайыз көлемінде болатын. Ал жаңа ұсыныс бойынша жылдық табысы 8 500 айлық есептік көрсеткіштен асатын азаматтар 15 пайыз салық төлейді. Бұл дегеніміз – 2025 жылға белгіленген 1 АЕК (3 932 теңге) мөлшерімен есептегенде, жылына 33,4 млн теңгеден асатын немесе айына 2,78 млн теңгеден көп табыс алатындар енді 10 емес, 15 пайыз жеке табыс салығын төлеуге міндеттеледі.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, Қазақстанда айына 3 миллион теңгеден жоғары табыс алатын жалдамалы қызметкерлер саны – бар-жоғы 26,7 мың адам. Бұл өзгеріс тікелей осы топқа бағытталған. Яғни, заң барлық халықты емес, ең жоғарғы табыс иелерін қамтуды көздейді.

Алайда салықтың салмағы тек жалақымен шектелмейді. Жаңа Салық кодексінде дивидендтерге де өзгерістер енгізілмек. Егер азамат белгілі бір компаниядан 1 млрд теңгеге дейін дивиденд алса – 5 пайыз, ал 1 млрд теңгеден асса – 15 пайыз салық төлеуі тиіс. Бұл талап шетел азаматтарына да қатысты. Егер бейрезиденттің жылдық табысы 2,4 млрд теңгеге дейін болса – 10 пайыз, одан асса – 17 пайыз салық салынады.

Мұндай қадамдардың барлығы табысты әділ бөлуді, әлеуметтік теңгерімді қалыптастыруды әрі мемлекеттік бюджетті тұрақты түрде толықтырып отыруды көздейді. Жеке табыс салығымен қатар, Қосылған құн салығына (ҚҚС) да өзгеріс енгізіледі. Қолданыстағы 12 пайыздық мөлшерлеме 16 пайызға дейін көтеріледі. Сонымен қатар бұрын ҚҚС төлеуші болу үшін жылдық айналымы 120 миллион теңгеден асуы керек болса, енді бұл шек 40 миллион теңгеге дейін төмендетіледі. Яғни шағын кәсіпкерлердің де ҚҚС төлеуші мәртебесіне ену ықтималдығы артады.

Бұл өзгерістер Президент қол қойған соң, заң жүзінде бекітіледі.