Ағымдағы жылғы 3-5 тамызда Орталық сайлау комиссиясы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық сайлау комиссияларының төрағаларына арналған семинар-кеңес өткізді. Үш күндік жұмыс сессиялары кезінде негізгі спикерлер, яғни Ортсайлауком Төрағасы Нұрлан Әбдіров, төрағаның орынбасары Константин Петров, сондай-ақ ОСК мүшелері Сабила Мұстафина, Анастасия Щегорцова, Асылбек Смағұлов және Шавхат Өтемісов сөз сөйледі.
Семинар-кеңестің бірінші күні республикалық референдум науқанының қорытындыларына арналды. Комиссиялардың референдумды дайындау бойынша атқарған жұмыстары, дауыс беру күнін ұйымдастыру, оның ішінде мүгедектігі бар жандарға жағдай жасау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, ақпараттық, қаржылық қамтамасыз етуге, референдумға қатысушыларды оқыту қорытындыларына, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, сондай-ақ сот актілерін қарауға талдау жүргізілді. Аумақтық сайлау комиссияларының өкілдері референдумға дайындық және оны өткізу кезеңіндегі түрлі қызмет бағыттары бойынша жұмыс тәжірибелерімен бөлісті. Семинардың бірінші бөлігінің қорытындылары бойынша белсенді пікір алмасу болды және референдум науқанының қорытындыларын ескере отырып, аумақтық сайлау комиссияларының бұдан былайғы жүйелі жұмыстарына қатысты бірқатар тапсырмалар берілді.
Екінші күні семинарға қатысушыларға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында Үкімет тарапынан сайлау заңнамасына енгізу үшін ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулардың жобасы алға тартылды. ОСК мүшелері аумақтық сайлау комиссияларына Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау кезінде аралас сайлау жүйесін енгізуге, әкімдерді сайлау тәжірибесін дамытуға, әлеуметтік желілердегі үгіттті құқықтық реттеуге, ұлттық байқаушылардың қызметіне, сайлауды мемлекеттік емес қаржыландыруға және сайлау процесін жаңғырту жөніндегі өзге де бағыттарға байланысты заңнама жаңалықтарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Сонымен қатар, Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық негіздер мен сайлау дауларын қарау тәртібі қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша аумақтық сайлау комиссияларына сайлау заңнамасы мен құқық қолдану практикасын одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар беру тапсырылды.
Үшінші күні аумақтық сайлау комиссияларының құрамын кәсібилендіру мәселесі талқыланды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Электораттық оқыту орталығының директоры Жанар Бұқанова осы орталықтың базасында сайлау процесіне қатысушыларды даярлау және оқыту жөніндегі алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті.
Семинар соңында Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров ауқымды жұмыс атқарылып отырғанын, республикалық референдумға қорытынды жасалғанын, негізгі міндеттер түсіндіріле отырып, елімізде жүргізіліп отырған конституциялық-саяси реформаларды іске асыру бойынша одан әрі қадамдар белгіленгенін, сондай-ақ бірқатар нақты тапсырмалар берілгенін атап өтті.
ПІКІР ЖАЗУ