«2020 жылдан бері іздестірілген». Астанада төрт жыл бұрын жоғалған азамат табылды

Фото: instagram.com/ police_astana

Астанада туыстары 2020 жылдан бері іздестірген 48 жастағы азамат табылды, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі nur.kz сайтына сілтеп.

Астана қаласының полиция департаменті Instagram-дағы парақшасында елорда аумағында өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетуге және іздеуде жүрген адамдарды анықтауға бағытталған «Қаңғыбас» атты жедел алдын алу іс-шарасы өткенін хабарлады.

Рейд барысында полиция қызметкерлері қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген 4 қылмыскерді, сондай-ақ құқық бұзушылық жасады деген 6 адамды ұстаған.

«Сонымен қатар, хабар-ошарсыз кеткен 3 азаматтың жүрген жері анықталды. Оның ішінде бір азамат 2020 жылдан бері туыстарымен байланыста болмаған.

Төрт жыл бойы туыстары оның оралуынан үміт үзбеген 48 жастағы ер адамның оқиғасы ерекше назар аударуға тұрарлық. Полицияның үйлесімді әрекеттерінің арқасында ер адам табылып, отбасымен қайта қауышты», — деді ПД өкілдері.