19 жылға созылған қазақ-өзбек шекарасы шегенделді

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы.

2023 жылғы 4 шілдеде Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шарт күшіне енді. Шартқа 2022 жылғы 22 желтоқсанда Ташкентте екі мемлекеттің басшысы қол қойды. Осы шарттың күшіне енуі Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны халықаралық құқықтық шегендеудің 19 жылдық процесінің толық аяқталуын білдіреді, — деді ол.

Оның айтуынша, қос мемлекеттің арасындағы шарт күшіне ену үшін 100 раундтан тұратын келіссөз жүргізілген.

«Ұзындығы 2 357 шақырым болатын шекара сызығы 1 301 шекаралық белгімен белгіленіп, көлемі 8 мың парақтан асатын шегендеу құжаттары көрсетілді. Осы оқиға мемлекеттік шекара ауданында қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға, екіжақты өңіраралық және шекара маңындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге ықпал етеді», — деді Айбек Смадияров.