Data Reportal шетел басылымы еліміздегі цифрлық құрылғылар мен онлайн платформалардың даму деңгейін анықтады. Ел тұрғындары байланыс қызметтері мен әлеуметтік желіде қаншалықты жиі отыратыны туралы нақты деректер мен сараптама ұсынды. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады.
Ең алдымен ел халқының саны мен жас құрылымына тоқталып өтейік. Себебі келесі көрсеткіштер тікелей халық санына байланысты.
2025 жылдың басында Қазақстан халқының саны 20,7 миллион адамға жетті. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 257 мың адамға артық, яғни бір жыл ішінде халық саны 1,3 пайызға өскен.
Халықтың басым бөлігі, яғни 58,5 пайызы – қалада тұрады, ал 41,5 пайызы ауылдық жерлерде өмір сүреді. Бұл урбанизация үдерісінің жалғасып жатқанын білдіреді. Жыныстық құрамына келсек, әйелдер саны – 51,3 пайыз, ал ерлер – 48,7 пайыз.
Қазақстан халқының орташа жасы – 29,7 жас. Елдің халқы жас екенін және еңбекке қабілетті жастағылар үлесінің жоғары екенін білдіреді. Демек, елдің экономикалық әлеуеті мен жұмыс күші болашағы зор. Жас құрылымына қарай бөлсек, халықтың айтарлықтай бөлігі – 0-ден 34 жасқа дейінгі жастар:
- 0–4 жас аралығында – 10 пайыз
- 5–12 жас – 15,5 пайыз
- 13–17 жас – 8,7 пайыз
- 18–24 жас – 9 пайыз
- 25–34 жас – 13 пайыз
Осыдан-ақ еліміздегі әрбір үшінші адамның жасы 18-ге толмағанын көруге болады. Бұл білім беру, денсаулық сақтау мен жастар саясатына ерекше көңіл бөлуді қажет етеді.
Орта және егде жастағы тұрғындар үлесі де аз емес:
- 35–44 жас – 14,4 пайыз
- 45–54 жас – 11,1 пайыз
- 55–64 жас – 9,3 пайыз
- 65 жастан жоғары – 9 пайыз
Цифрлық технологиялар белсенді дамуда
Қазақстанда цифрлық технологиялар кеңінен дамып келеді. Ел халқының саны 20,7 миллион адам болса, соның 92,9 пайызы, яғни шамамен 19,2 миллионы интернетті тұрақты түрде пайдаланады екен. Бұл көрсеткіш Қазақстан халқының цифрлық кеңістікке белсенді араласатынын айғақтайды. Интернет қолданушылар саны жыл ішінде 238 мың адамға артқан.
Елімізде мобильді байланыс та жоғары деңгейде дамып келеді. GSMA Intelligence ұйымының деректеріне сәйкес, Қазақстанда 26,6 миллион ұялы байланыс абоненті тіркелген. Бұл халық санынан әлдеқайда көп, себебі көптеген адамдар жеке және жұмыс нөмірін қатар қолданады. Сонымен қатар, eSIM технологиясының таралуы бір адамға бірнеше нөмір пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Елдегі мобильді байланыстың 95,7 пайызы 3G, 4G немесе 5G сияқты заманауи жоғары жылдамдықты желілерге қосылған.
Интернеттің сапасы да жақсарып келеді. Ookla зерттеуіне сәйкес, мобильді интернеттің орташа жүктеу жылдамдығы 53,69 Mbps, ал стационарлық интернет – 66,38 Mbps-қа жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен көрсеткіш.
Әлеуметтік желі қолдану статистикасы
Интернеттің дамуына байланысты әлеуметтік желілерге деген қызығушылық та жоғары. Әлеуметтік желілер қазақстандықтардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналып кетті. 2025 жылдың басында елде 15,7 миллион адам әлеуметтік желілерді белсенді қолданды, бұл – ел халқының 75,7 пайызы. Олардың басым бөлігі – жастар мен еңбекке қабілетті азаматтар. Соңғы жылда әлеуметтік желі қолданушыларының саны 1,6 миллионға өскен.
Instagram ең танымал платформа саналады. Бұл желіні 12,4 миллион қазақстандық пайдаланады. Яғни елдегі 13 жастан асқан интернет қолданушылардың 80 пайыздан астамы осы желіде отырады. Instagram тек фото мен видео бөлісу құралы ғана емес, сондай-ақ бизнес пен жарнама алаңына айналды.
TikTok та қарқынды дамып келеді. 2025 жылдың басында бұл желінің 18 жастан асқан қолданушылары 15,7 миллион адамды құрады. Бұл көрсеткіш TikTok-тың тек жастар арасында ғана емес, ересек аудитория арасында да кең таралғанын білдіреді. Соңғы бір жылда TikTok қолданушыларының саны 1,58 миллионға артқан.
Facebook әлеуметтік желісі де өз орнын сақтап қалуда. Елде бұл платформаны 2,6 миллион адам қолданады. Дегенмен соңғы жылдары Facebook аудиториясы айтарлықтай өзгермеген. Қолданушылардың көбі ересек жастағылар, ал жастар Instagram мен TikTok-қа көбірек бет бұрған. Facebook-ті пайдаланушылардың жартысынан көбі – әйелдер.
Қазақстанда X (бұрынғы Twitter) платформасы аса танымал емес. Бұл желіні небәрі 369 мың адам қолданады, бұл жалпы халықтың шамамен 1,8 пайызы. Жастар арасында бұл платформа сирек қолданылады, көбіне жаңалықтар мен халықаралық контентті тұтынатындар пайдаланады.
Snapchat та Қазақстанда кең қолданыста емес. Бұл қосымшаның нақты аудиториясы аз болғанымен, жастар арасында ара-тұра қолданылатыны байқалады. Дегенмен, бұл платформа әзірге TikTok немесе Instagram деңгейінде танымал емес.
Мессенджерлерге келсек, WhatsApp – Қазақстандағы ең танымал хабар алмасу құралы. Ол күнделікті қарым-қатынас, жұмыс бойынша және топтық чаттар үшін кеңінен қолданылады. Сонымен қатар, Telegram мессенджері де соңғы жылдары танымал бола бастады. Ол тек хат алмасу құралы емес, сонымен қатар жаңалықтар, медиа-контент пен ақпарат таратудың маңызды платформасына айналды. Кейбір пайдаланушылар үшін Telegram әлеуметтік желі ретінде де қызмет етеді.
Messenger (Facebook-ке тиесілі) қолданушылары да бар, бірақ ол Қазақстанда WhatsApp немесе Telegram сияқты кең таралмаған.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру