1 ақпаннан бастап жанармай құю бекеттерінде сатылатын газдың шекті бағасы көтеріледі. Бір литрінің бағасы өңірге байланысты — 65-107 теңге аралығында болады. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Қазақстандықтар көлігін бензин немесе дизель отынына қарағанда арзан деп газбен оталатындай етіп қайта жабдықтағанды жөн көреді.
Алайда алдағы айдан бастап газ да қымбаттайды. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі автокөлік газының бөлшек саудадағы шекті бағасын көтеру туралы бұйрық жариялады.
Қазір автогаз өңірге байланысты 54 теңгеден 94 теңгеге дейін саудаланса, 1 ақпаннан бастап литрі 65-107 теңге аралығында болады. Автогаздың бағасы облыс орталықтарынан 200 шақырымнан астам қашықтықта жатқан кейбір аудандарда литріне 107 теңге деп белгіленді. Алматы мен Астанада шекті баға — 102 теңге, ал Шымкентте 90 теңге болып бекітілді.
Ең арзан автогаз Маңғыстау облысында, шалғай аудандарды есепке алмағанда онда төменгі шекті баға небәрі — 65 теңге.
Бұған дейін үкімет өкілдері елдегі автогаз құнын кезең-кезеңімен көтеруді жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Қазақстанда газға ауыстырылған көліктерге міндетті түрде таңбалау талабы қойылған. Мұндай көліктерді жерасты тұрақтарына қоюға болмайды.
ПІКІР ЖАЗУ