1.5 млрд теңгені жымқырған Перизат Қайрат кінәсін мойындамай отыр

Tengrinews

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Перизат Қайратқа қатысты тергеу барысы туралы мәлімет берді, – деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі Massaget.kz порталына сілтеме жасай отырып.

Оның айтуынша, Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық бастамалар аясында қаражат жинаған. Атап айтқанда, ол жаңа оңалту орталығының құрылысына, Палестинадағы зардап шеккендерге және 2024 жылы Қазақстанда болған су тасқынының салдарын жоюға қаржы тартумен айналысқан.

“Бұл үш іс те Қылмыстық кодекстің 190-бабы ‘Алаяқтық’ бойынша қаралды, және олардың тергеуі аяқталды. Сонымен қатар, заңсыз алынған қаражатты жасыру мақсатында активтерге біріктіру арқылы заңдастырудың екі фактісі анықталды”, – деді Елемесов Сенатта өткен брифингте.

ҚМА өкілінің айтуынша, жәбірленушілердің нақты санын анықтау қиын.

Сонымен қатар, агенттік төрағасының орынбасары Перизат Қайраттың өзіне тағылған айыптарды мойындамай отырғанын атап өтті.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, тараптар іс материалдарымен танысып жатыр.

“Тергеу барысында келтірілген залалдың әртүрлі мөлшерлері қарастырылды. Соңында 3,5 миллиард теңге шығын сомасы нақтыланды. Бұған дейін қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру фактілері анықталғанын айтқанмын. Тергеу нәтижесінде Перизат Қайрат бұл ақшаның бір бөлігін гүл дүкенін сатып алуға жұмсағаны белгілі болды. Осы арқылы ол өзін табысты кәсіпкер ретінде көрсеткісі келген”, – деді Елемесов.