Астанадағы ақылы тұрақтар «Астана тұрақ кеңістігі» компаниясына тиесілі. Еліміздің кең жерінде халықты қайыршы етіп бітті дейді ашынған Астана тұрғындары.
Мұндай масқара басқа қандай елде бар? Көлікті қояр-қоймас жол полициясы жетіп келеді дейді Астана тұрғыны Гүлжан Джилмағамбетова.
«Бір айда маған 12 айыппұл келді. Ертең ауаны демалып жатырсыңдар деп, тағы да төлетесіңдер. Бұл не деген масқара?», — дейді ол.
«Мен күніне 8 сағат жұмыс істеймін. Күніне 800 теңге автотұраққа төлеуім керек. Менің жалақым тұраққа төлейтін қаражатты жаппайды», — дейді дәрігер Ұлбике Әжібаева.
Халық осыншама ақшаны не үшін төлейтінін түсінбейді. Себебі тұраққа қалдырылған көліктерге ешкім жауап бермейді де, ешкімнің бақылауында болмайды.
«Ақша төлеген соң қарауыл болуы керек шығар. Көліктерімізді сырып, жырып кетеді. Біреулер ұрып кетеді», — деді дәрігер Рысбек Сержанов.
Қордаланған сұрақтардың жауабына Астана әкімдігі өте қызық ұсыныс жасады.
«Азаматтарымыз қоғамдық көлікке ауысуы керек. Осы бағытта көптеген ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Себебі таңнан кешке дейін кабинетінен шықпайтын қызметкерлер үшін жеке көлік керек емес деп ойлаймыз. Ұсынысымыз таңнан кешке дейін қоғамдық көлікпен жүрсін», — дейді Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы Бауыржан Күмісбеков.
Айта кетейік, қоғамда «штрафстан» деген ұғым пайда болды. Соңғы кезде халық айыппұлдардан бас ашпай қалды. Автортұрақ үшін халық сағатына 100 теңге төлеуге міндетті болса, оны төлемегені үшін 200 есе көп айыппұл арқалайды.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру