«Бөлім командирі өз білгенін істейді»
Шымкенттегі 36814 әскери бөлімінде қызмет етуші сарбаздың сөзінше, бөлім командирі, полковник У. Сақ заңсыз әрекеттерге барып, әскери қызметке зияӘн келтіруде. Оның бастамасымен әскери қызметшілерден түрлі сылтаулармен ақша жиналып, әскери бөлімде құрылыс жұмыстары заңсыз жүргізілуде.
«Көрсетілім үшін әскери қызметшілерден ақша жиналды»
2025 жылдың 25 қаңтарында Қорғаныс министріне жақсы көрініс көрсету үшін әскери қызметшілерден қомақты қаражат жиналды. КПП алдындағы мүсінді салуға әр әскери қызметшіден 84 000 теңгеден жинаған. Бұл идея полковник Саққа тиесілі, ал мүсіннің артына Қорғаныс министрлігінің «Бүркіт» деген позывнойы жазылған. Мүсіннің құрылыс жұмыстары сержант Акайдаровқа мәжбүрлі түрде 20 күн бойы орындатылған.
«Әскери қызметшілерге жеке шығындар жүктелді»
Бөлімде бордовый берет бұрышы жасалып, оған 430 000 теңге жұмсалған. Бұл қаражатты аға лейтенант Ж. Шынықұлов жинаған. Полковник Сақ арнайы бұйрық шығарып, бұл жұмысты тек бордовый берет киген сарбаздар істеуі тиіс деп бекіткен. Нәтижесінде, Даулетқали, Ахметов, Шынықұлов және Сабиров бұл жұмысты өз қаражаттарына орындаған. Бұл мақсатта мемлекеттен ешқандай қаржы бөлінбеген.
Сонымен қатар, әр әскери қызметшіге жеке шкаф жасату міндеттеліп, оның құны 55 000 — 70 000 теңге аралығында болған. Бұл қаражатты сарбаздардың өздері төлеуге мәжбүр болды.
Полковник Сақтың сөзіне қарағанда, оның басты ұстанымы: «Ақша кетсе де, абырой кетпесін». Алайда, әскери бөлімде нақты жауынгерлік дайындықтың орнына, тек ақша жинау мен құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
«Сұрақ көтергендерге қысым көрсетілді»
Жеке құрамның 70%-ы бөлімдегі мәселелер бойынша анонимді сауалнамаға жауап бергенімен, келесі күні барлық жауаптар жиналып алынып, «Спецназ бұл сауалнаманы толтырмайды» деп қысым көрсетілген. Сондай-ақ, бөлімде жаңа құрылым енгізілетіндігі туралы түсіндірме жиналысы өткізіліп, әскери қызметшілердің арыз-шағымдары елеусіз қалдырылған.
«Жарақат алған сержанттың жағдайы жасырылды»
2025 жылдың 12-14 ақпан күндері Орда полигонында өткен тау даярлығы сабақтары кезінде кіші сержант Жасұлан Оразбай Glock-17 тапаншасынан оң жақ аяғына оқ атып алған. Оқ санына тиіп, тізеге дейін жеткен. Оқиғаға жауапты аға лейтенант Даулетқали болған. Бұл жағдайды командирлер жасырғысы келіп, жараланған сарбазды ауылдағы қарапайым емханаға жеткізіп, сол жерде оқты алып тастаған. Полковник Сақ бұл оқиға туралы «Мен білмеймін» деп бас тартқан. Ал кіші сержант жарақат алған күннің өзінде «задним числом» еңбек демалысына жіберілген.
«Мерекеге қаражат жинау мәжбүрленді»
2025 жылдың 5 сәуірінде бөлімде Наурыз мерекесін ұйымдастыру үшін әр әскери қызметшіден 10 000 теңгеден жинау бұйырылған. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі жоғары шенділердің дастарханына жұмсалады деп болжануда. Сонымен қатар, командирлерден 25 000 теңгеден қосымша қаражат жиналуда.
«Әскердегі әділетсіздік тоқтатыла ма?»
Әскери қызметшілердің айтуынша, әскери бөлімде негізгі басымдық жауынгерлік дайындыққа емес, қаржы жинау мен құрылысқа берілген. Қаржы жиналуы туралы сұрақ көтерілгенде, полковник Сақ «Мен жинаған жоқпын, бұған дейінгі командир жинаған» деп жауап береді. Алайда, сарбаздар бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын алға тартады.
Әскерилердің айтуынша, бөлімде жиналған қаражат премия есебінен де алынған. Яғни, сарбаздарға бір айлық премия тағайындалғанда, командирлер өздері екі айлық премия түсіртіп, оның бір бөлігін қолма-қол жинап отырған. Осылайша, алынған қаражат бөлім ішіндегі заңсыз құрылыстар мен басқа да қажеттіліктерге жұмсалған.
Полковник Сақ Қорғаныс министрінің туысы болғандықтан, әскери қызметшілер бұл мәселенің жылы жабылып қалуынан қауіптенеді. Алайда, сарбаздар әділдіктің орнауын талап етіп, Қорғаныс министрлігі мен құқық қорғау органдарынан жағдайды мұқият зерттеуді сұрайды. Әскери қызметшілер әділеттілік орнап, әскери бөлімдегі заңсыздықтардың тоқтауын қалайды.
Бұл мәліметтер Telegram-дағы «Армия КЗ. Другая правда» арнасында жарияланып, кейіннен өшірілген.
ПІКІР ЖАЗУ