Әскер – мемлекеттік институт. Ол мемлекеттің егемендігін, аумақтық тұтастығын және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылған. Алайда, елімізде әскери қызметтегі қауіпсіздік мәселелері, әсіресе әлімжеттік (дедовщина) пен әскери қызметшілер арасындағы өлім-жітім жағдайлары бұл жүйенің тым әлсіз екенін көрсетеді. Мысалы соңғы үш жылда әскерде 270 сарбаз қайтыс болған. 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.
2022 жылғы қаңтар оқиғасы Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік жүйесінде елеулі олқылықтардың бар екенін көрсетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қауіпсіздік жүйесін түбегейлі қайта құруды тапсырды. Сарапшылардың пікірінше, бұл реформалар идеологиялық тәрбие, кадр саясаты және материалдық-техникалық базаны күшейтуді қамтуы тиіс. Қарулы күштердің оқ-дәрілер бас басқармасын басқарған полковник Есенкелді Орманбек әскери қызметшілерді қорғансыз жандар деп атады. Оның айтуынша, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайы төмен. Мардымсыз жалақы мен кадр тұрақсыздығы әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайына кері әсер етеді. Тәуелсіз экономист Қасымхан Қаппаровтың пікірінше, мемлекет қорғауға тиіс институтта сарбаздардың құқықтары мен қауіпсіздігі қорғалмай, соққыға жығылып, тіпті өліп жатқаны билік үшін ауыр сын.
Бейбіт күнде әскерге ел алдындағы борышын өтеуге кеткен жас балалар осылайша қырылып жатқаны халықты шулатты. Қайғылы оқиғалар толқыны әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде жариялана бастады. Халық үкіметтен жауап күтті. Былтырғы жолдауында Президент осы мәселеге ерекше тоқталып өтті.
«Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», — деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы пленарлық отырыста Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа әскердегі заңсыздықтар мен әлімжеттік қашан тыйылады деген сұрақ жолдап, қорқынышты статистиканы келтірді. Бейбіт заманда жас сарбаздарымыз түрлі дене жарақатын алып, кейбірі қайтыс болып жатқаныны ақылға сыймайтын дүние екенін айтты.
«Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте деген. Сол жөргектегі тәрбиесі жер-көкке сыйғызбай, әскерге барып, отанымды қорғаймын деген балаларға қиянат жасалуда. Бұл жағдайлардан кейін ешбір ата-ана өз баласын өлім ортасына жібергісі келмейді. Мен келтірген статистика прокуратурада тіркелеген ресми фактілер екенін ескертемін», — деді депутат.
Қорқынышты статистика
2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. Іс тараптардың бітімге келуімен жабылып қалған.
2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне 1-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен.
Ал жуырда орын алған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет. Қазір ата-анасы Ербаянды Түркияға алып кетті. Халық қолдау білдіріп, 218 миллион теңге шамасында қаржылай көмек көрсетті.
«Командир маған қоңырау шалып, балаң құлап қалды, уайымдамаңыз, бәрі жақсы» деді. Ұлымның бойы 180 см. Ондай боймен ол әжетханада өздігінен құлап, басымен бірден еденге соғыла алмайды. Біз оның басында көп жарақат іздерін көрдік. Оны ұрған. Бұл іздерді біз оны үйге әкелген кезде ғана байқадық. Менің ойымша, оны әжетханаға кіргізіп, бірден артынан соққы жасаған. Ол жанымен құлап түскен», – дейді Ербаян Мұхтардың әкесі.

Марат Барқұлов әскерде оққа ұшып, қайтыс болды. Ақтау гарнизоны 25744 әскери бөлімінің зениттік-артиллериялық взводының командирі кобурасынан тапаншаны шығарып, сақтандырғышын алып, затворын тартып, тапаншаны баланың бетіне бағыттап, атып жіберген. Бұл әрекетін әзілдегені есебінде түсіндірді. Сотта Дамир Досов өз кінәсін мойындамайтынын, тек әзілдегісі келгенін айтты. Сот оны толық кәнілі деп тауып, 13 жылға бас бостандығынан айырды.
«Мен ұлымды әскерге аман-есен, сау күйінде жібердім. Олар болса, бір қойды өлтіргендей еш аяусыз өмірін қиды. Шығыс Қазақстанда ұлымды бәрі таниды. Ол жақсы бала еді. Егер керісінше болғанда, оның жаназасына мың адам жиналмас еді. Әскери бөлімнің командирі қолына қару алып, ойыншықтай ойнаған. Ол әр сарбазға барып, мылтықты бетіне тақап, кейін ұлыма қаратып, атып жіберген. Оқ оның бетіне тиіп, шүйдесі арқылы өтіп кеткен», – дейді марқұмның әкесі.

Әскердегі әлімжеттік мәселесі 2022 жылдан бері көтеріліп келеді. Алайда жағдай түзелмек түгілі, ушығып жатыр. Сарбаздардың әскерде жарақат алып, тіпті қайтыс болуы тоқтар емес.
«Өздеріңіз білесіздер, жарғыға сай емес қарым-қатынастар жиі казарма сыртында болады. Неге? Өйткені казарма ішінде барлық жерге камера орнатылған. Тек әжетханада камера жоқ, ал соңғы оқиға дәл сол жерде болды. Немесе оқу-жаттығу кезінде, сарбаздарды казармадан тыс жерге алып кетеді, шатырлар тігіледі – ол жақта ешқандай бақылау жоқ», -дейді әскери сарапшы Дәулет Жұмабеков.
Командирлердің мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға заңды түрде ықпал ететін тетіктері жоқ. Сарапшылар мұны өте қауіпті санайды.
«Себебі, бұл заңсыз әрекеттерге, жарғыға сай емес қатынастарға жол ашады. Біздің қазақ әскерінде “дедовщина” деген ұғым жоқ, өйткені “дед” дегеннің өзі жоқ. Жарғыға сай емес әрекеттер взвод командирлері мен офицерлерден шығады. Офицерлер мен келісімшарттағы әскери қызметкерлер сарбаздарды ұрып-соғып, ақша бопсалайды. Бұрынғы кеңес армиясында ондай болмаған. Жаңа тәртіп жарғысында қатардағы сарбаз өз міндеттемелерін орындамаса тек ескерту немесе қатаң сөгіс берілуі керек. Басқа шара жоқ. Нарядтар да алынып тасталды. 18 жастағы балалардан еден жуу секілді жұмыстарды талап етеді, ал оларда намыс бар, сөйтіп, олар ашуға булығады», — дейді Дәулет Жұмабеков.
Бұрынғы әскери қызметкер және сарапшы Ғалымжан Сәдуақасов елде шынай реформа басталмайынша, әскердегі жағдай қанша айтылса да, жазылса да өзгермейді дейді. Терең жүйелік мәселелер осындай оқиғаларды қайта-қайта туындата береді.
«Армияның беделі жоқ. Бізге ҰБТ-дан ең төмен ұпай жинағандар келеді. Егер студент жоғары балл жинаса ешқашан бізге келмейді. Бізге көбінесе іріктеуден өтпей қалғандар келеді. Біз әңгімелесу өткізіп, олардан бас тартамыз, бірақ олар бәрібір түсіп кетеді. Себебі орын саны көп, ал талапкерлер жетіспейді. Мысалы, 300 адам қажет болса, бізге 250-і ғана келеді. Және солардың ішінен бәрі қабылданады. Төрт жылдан кейін бізге армияны сеніп тапсыруға болмайтын офицерлер шығады. Қылмыс әлеміне жақын жастар да әскерге келеді, оларды ата-аналары сол әлемнен қорғау үшін тезірек әскерге жібергісі келеді», — дейді сарапшы.
Иә, бұл үлкен мәселе. Әскерге өздері қалаған беделді университетке түсе алмағандар барады дейді сарапшылар.
«Бұрын біз оқуға түскен кезде нақты бәсеке болатын. Қазір тек денсаулығы дұрыс болса жеткілікті. Кейін осы жастар офицер мен командирге айналады. Бұл жалғаса беретін мәселе», — дейді Дәулет Жұмабеков.
Мария Ракова бұрынғы әскери қызметкер. Ол мерзімді әскери қызмет ұғымын мүлде алып тастауды ұсынды.
«Мен “мерзімді әскери қызмет” деген ұғымға түбегейлі қарсымын. Армия кәсіби болуы керек. Біз кезінде танкпен жүруді, қарудың барлық түрінен атуды, окоп қазуды, құрал-саймандарды қолдануды үйрендік. Армия – бұл қиын, тіпті жарақат салатын жағдайларға төтеп беруге үйрететін мекеме болуы тиіс. Әскери адам Отанын қорғауға, кейін тірі қалуға дайын болуы керек», — дейді психолог, бұрынғы әскери қызметкер Мария Ракова.
Әскерге шақырылушы Бекруз Равшанбеков қорлық пен азапқа шыдай алмай, военкоматтың 2-қабатынан секіріп кеткен. Салдарынан омыртқасы сынған.
«Мен Шымкентке әжемді қарсы алуға барғанмын. Сол жерде азаматтық киімдегі бір топ адам келіп, қолымнан ұстап, туған жылымды сұрап, тергей бастады. Кейін көлікке күштеп отырғызып, ақша бопсалады. Біреуі – 500 мың теңге, екіншісі – 800 мың теңге сұрады. Әкеме хабарластым, ол ақшамыз жоқ, армияға бар деді. Мені алып кетті. Тағы бірнеше адам жиналып, мені әскерге жіберетіндерін айтты. Мен ақша тауып беретінімді айттым. Сол кезде әлгі адамдар кетіп, мені қараңғы бөлмеге итеріп кіргізді. Бір жігіт келіп: “Мені басшылыққа ұстап бергің келе ме?” деп қорқыта бастады. Бүйрегім мен бетімнен бірнеше рет ұрды. Түні бойы мені сол жерде ұстап, қорлады. Анам мен қарындасым келгенде үстім қан-қан болды. Мен олардан жалынып ақша тауып беруін өтіндім. Кейін дәрігер келіп, омыртқамның сынғанын айтты», — дейді зардап шегуші.

Сарбаз Әлібек Қалбай мерзімді қызметке келген соң небәрі бес күннің ішінде соққыға жығылып көз жұмды. Оның өліміне кінәлі ретінде тағы бір мерзімді сарбаз танылды. Сот шешімімен ол 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Немерем 22 жылдың 13 сәуір күні Маңғыстаудан кетті. Жұмыстан келе жатқан кезде ұстап алып кетіп, 2 күн военкоматта қамалып жатты. Кейін әскерге барады деді. Келіп қоштасып кетіңіздер, тамақ ала келіңіздер деп хабарласты. Атарға барады деді, мен ол жаққа жібергім келген жоқ, себебі ол әу-бастан жақсы емес. Уайымдамаңыз, ол балабақша сияқты, балаңыз барады, жатады деп жұбатты. Баламның сол кезде жүрегі бір нәрсе сезгендей, барғысы келмеді. 17 сәуір күні немерем хабарласып присяга қабылдауға келіңдерші деп хабарласты. Сол соңғы сөйлескеніміз. 22 сәуір күні военкоматтан хабарласып, балаңыз өлді деді. Әкесі сол күні ұшақпен кетті. Барса, рұқсатсыз баланың ішінәі барлығын кесіп, қараған екен. 23 сәуір күні түнде ұшақпен денесін алып келді. Майор, командир және бірнеше әскери адамдар келді. Сол кезде кашадан уланды деп айтты, тіпті жаңалықтарда Серік Боранбаев та солай сөйледі. 25 сәуір күні көмдік, бірақ 26-на қайтадан сот экспертиза жасауға эксгумация жасады. Баланың 18 жерінде жарақат бар дейді, жүрегінің талшықтары үзіліп кеткен, қан тамым өкпесі ісіп кеткен. Түптеп келгенде жанында бірге барған жас жігітті кінәлі етті. Бірақ ол емес, оны ұрған контракт-сержант, себебі моншаға барғанда балама тиісіп, кекеткен екен. ОЛ жауап берген, кейін моншадан кейін алып қалыпты. Сол кезде ұрған шығар. Әлі күнге дейін сол жұмбақ өлімге күйінемін, бес-ақ күн әскерде болды», — дейді марқұмның әжесі Болдық Құлмағамбетова.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан 30 жылдан астам уақыт бойы қауіпсіздік парадигмасында өмір сүрді. Қазақстан қауіпсіз ел болып саналды.
«Бізге еш қауіп төнбеді, бізге әрдайым қауіпсіздік кепілдік етілді. Осы уақыт ішінде армия да сол жағдайға бейімделіп құрылды. Ешқандай сыртқы қауіп болмағандықтан, армия ішінде қорғаныс қабілеттілігі емес, жеке басының қамын күйттейтін офицерлер буыны қалыптасты. Олардың түсінігінде армия – өз пайдасын ойлайтын институт. Кландық жүйе армияны іштен шірітуде. Артық ірі штат басқаруға көнбейтін құрылымға айналып отыр»,- дейді сарапшы Ғалымжан Сәдуақасов.
Біздің елдің әскерінде Отанды қалай қорғау керек екенін үйретпейді. Көбіне шаруашылық жұмыстарға салады дейді сарапшылар.
«Көп сарбаздар мұндайға қарсы шығып, ал кейбіреулері бұл жүйеге түсіп, өмірінің бір жылын жоғалтады. Бізде армияға түсу – жазалау сияқты. Егер армияға кетсең, “лохтар” қатарына қосылғандай боласың. 90-жылдары және 2000-жылдардың басында қазақстандықтар арасында патриоттық рух өте жоғары болған. Бірақ кейін билік өзінің жеке мүддесін халықтан жоғары қоя бастады. Сол кезде сенімге сызат түсті. Бүгінде армияға бара жатқан адам не үшін, кім үшін соғысатынын түсінуі керек. Олар біреудің жеке пайдасы үшін соғысқысы келмейді», — дейді Дәулет Жұмабеков.
Қазақстан армиясындағы жарғыға сай емес қатынастар ақша арқылы шешіледі. Жас жігіттерден әскерге жарамсыз деп тану үшін пара сұрайды. Ал енді ғана ант қабылдағандар өзінен жоғары шендегі адамдардың ақша бопсалауынан қорлық көреді. Сарапшылардың ойынша, қарулы күштердегі жемқорлық бейбіт кезеңде сарбаздардың қаза табуына, қорлық көруіне тікелей әсер етіп отыр.
«Біз патриотизм жайлы айтқан кезде, бұл сөздің еш мәні жоқтай естіледі. Себебі Қазақстанда қазіргі басты құндылық – ақша. Армияның беделі түсті, өйткені жалақысы мардымсыз. Ешкім өз еркімен барғысы келмейді. Бұл мәселелерді ашық айтып, талқылау керек. Шынайы реформалар қажет. Бірақ сол реформаларды кім жасайды? Армияда білікті мамандар жоқ», — дейді әскери сарапшы.
Ақша бопсалаудан ешкім қорықпайды, себебі жемқорлық жайылып кеткен
«Кеңес заманында офицер жақсы жалақы алатын. Оған қоса, түрлі материалдық жеңілдіктер берілетін. Қазір төрт жыл оқиды, кейін алыс өңірге қызметке жіберіледі. Онда оның қол астында 30–40 адам болады, басқа да міндеттері бар, бірақ өзі жас маман. Ал жалақысы Алматыдағы курьердің табысынан бірнеше есе төмен», — дейді Дәулет Жүмабеков.
«Әскерді кәсіби ету қажет. Оның мәртебесін көтеру керек. Әскери адам отбасының қауіпсіз, қорғалған екенін сезінуі тиіс. Ол ертең баспана алып, балаларын оқыта алатын жағдай жасалу керек. Ерте зейнетке шығып, мемлекет оның қызметін расымен де бағалауы керек. Бізге кәсіби армия қажет – бұл бастапқыдан солай болуы тиіс»,- дейді Мария Ракова.
Ғалымжан Сәдуақасовтың пікірінше, Қазақстан тең дәрежеде тек Қырғызстан және Түрікменстанмен ғана бәсекелесе алады.
«Тіпті Өзбекстан мен Әзербайжан армиясы бізден мықтырақ. Өйткені олар біз сияқты қауіпсіздік парадигмасында өмір сүрген жоқ. Қазір “Арыстан” арнайы жасағы ғана шын мәнінде ұрысқа қабілетті. Мен әскерге шақыруды 22 жастан бастауды ұсынамын. 18 жас – әлі бала. Германия, Франция, Англия кезінде әскерге шақырудан бас тартқан. Бізде робот та, дрон да жоқ, оны дамыту керек әрине, бірақ адами капитал ең бастысы», — деп түйіндеді маман.
Әскердегі заң бұзушылықтар мен әлімжеттік мәселелері бүгінде қоғамның талқылауынан түспейтін қорқынышты мәселеге айналды. Әскерге ел алдындағы борышын өтеуге кеткен жас жігіттердің өміріне барша қазақстандықтар алаңдаулы. Ұл-қыз өсіріп отырған әрбір ата-ана балаларының әскерге аман барып, аман қайтқанын қалайды. Мәселенің етек жаюына байланысты Президент те осы Жолдауында нақты тапсырмалар берді. Қорғаныс саласында қауіпсіздік шаралары сөз жүзінде емес, іс жүзінде қашан қолға алынып, нақты нәтижелер береді? Оны уақыт көрсетеді.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру