Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2023 жылдың желтоқсанында әскерде жарақат алып, ұзақ уақыт комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтардың қазіргі жағдайына қатысты түсініктеме берді, деп жазады ozgeris.info сайты.
Министрдің айтуынша, ол қазір елордалық Ұлттық медициналық орталықта ем қабылдап жатыр.
— Қазіргі уақытта оған қажетті барлық медициналық және оңалту көмегі көрсетілуде. Әкесі қасында. Түркиядағы емнен кейін де қосымша тексерулер жүргізіліп жатыр. Диагнозына жарақаты мен инфекциялық асқынулар да қосылып отыр. Өкінішке қарай, ол әлі аяққа тұра алған жоқ, — деді Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында.
Министр Ербаянды шетелде емдеу мәселесі ата-анасымен бірге қаралғанын, алайда олар Қазақстанда емделуді таңдағанын атап өтті.
— Уақытынан бұрын болжам айтқым келмейді. Барлық мүмкін көмек көрсетіліп жатыр, — деді ведомство басшысы.
Еске сала кетсек, Алматы облысындағы әскери бөлімде жарақат алған сарбаз Ербаян Мұхтардың анасы ұлына көрсетілген қысым мен заңсыз медициналық әрекеттерге байланысты әділдік талап еткен болатын. Оның айтуынша, дәрігерлер ата-анасының рұқсатынсыз миының жарты бөлігін алып тастаған. Қоғамның белсенді қолдауының арқасында Ербаянның еміне 230 миллион теңге жиналып, ол Түркияда емделіп қайтты.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру