ЮНИСЕФ өкілдері осылай деп дабыл қағуда. Айтуларынша, бәріне қаржы тапшылығы себеп, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі 24kz-ке сілтеме жасап.
АҚШ – әлемдегі ең ірі донорлардың бірі. Бірақ Дональд Трамп мемлекеттік шығынды азайту үшін халықаралық көмекті 83%-ке қысқартты. ЮНИСЕФ өкілдері бұл шешімнен 14 миллион балаға аш қалу қаупі төніп тұрғанын айтады. Әсіресе, 5 жасқа томаған бүлдіршіндердің жағдайы қиын. Алдағы уақытта тойып тамақ ішпейтін балғындарға ем көрсететін 28 мың орталық жабылуы мүмкін.
«Кейінгі жылдары біз әлемде тойып тамақ ішпейтін бала санын азайту бойынша үлкен жетістікке қол жеткіздік. 2000 жылдан бері бойы дұрыс өспейтін бүлдіршіндер саны 55 миллионға қысқарды. Бірақ қаржының күрт азаюы бұл жетістіктің бәрін жоққа шығаратын түрі бар», -дейді Кэтрин Рассел, ЮНИСЕФ атқарушы директоры.
Мамандар, әсіресе, Газа секторының кішкентай тұрғындары үшін қатты алаңдаулы. ЮНИСЕФ дерегінше, мұнда миллионға жуық бала гуманитарлық көмек ала алмай отыр. Өйткені наурыздың басынан бері Израиль әскері өңірде жүк көліктерінің кіруін шектеуде. Мамандар қазіргі азық-түлік қоры тек 400 балаға ғана жететінін айтады. Тіпті соның өзі бір айдан аспайтынын ескертеді.
«Газада ұн жоқ. Наубайханалар жабық тұр. Соның кесірінен балаларым күніне бір-ақ рет тамақтануға мәжбүр. Кейде кешкі асқа тамақ болмаған кезде балаларды ерте жатқызып тастаймын. Бізде тіпті таза ауызсу табудың өзі қиын шаруа», — дейді Ахмад әл-Кафарнех, Газа секторының тұрғыны.
ЮНИСЕФ мамандары Газада дұрыс тамақтанбау салдарынан 60 мыңдай балада денсаулығына қатысты қиындықтар туындағанын айтады. Кейбіреуін медициналық көрсеткіштер бойынша басқа елдерге щұғыл жеткізу керек. Бірақ қазір ондай мүмкіндік жоқ. Өйткені Израиль мен ХАМАС арасындағы қарулы қақтығыс әлі жалғасып жатыр. Сондықтан ЮНИСЕФ мамандары жанжалдасушы тараптарды оқ атуды доғарып, бітімге келуге шақырады.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру