Қаржы сарапшысының пікірінше, қосымша құн салығын көтеру елімізді өте қиын жағдайдан құтқарудың жолы. Онсыз болмайды. Басқа жол жоқ. Толық зерттеп көрейік.
Елімізде қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесін арттыру мәселесі соңғы жылдары жиі талқыланып келеді. Қазіргі уақытта ҚҚС мөлшері 12% деңгейінде белгіленген. Өткен жылы Қаржы министрлігі ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға көтеруді ұсынған. Бұл республикалық бюджетке қосымша 2-2,4 трлн теңге түсім әкеледі деген болжам болды.
2025 жылдың қаңтарында үкімет қосылған құн салығының (ҚҚС) ставкасын қазіргі 12%-дан 20%-ға дейін арттыру мүмкіндігін талқылап жатқаны хабарланды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев ҚҚС-ты 20 пайызға дейін көтеру мәселесін кәсіпкерлер мен сарапшылар қауымдастығымен жан-жақты талқылау қажеттігін айтты.
ҚҚС ставкасын көтеруге қатысты қоғамда алаңдаушылық бар. Кейбір сарапшылар бұл шара инфляцияның өсуіне, тұтыну тауарларының қымбаттауына әкелуі мүмкін деп санайды. Дегенмен Ұлттық экономика министрілігі ҚҚС-ты арттыру инфляцияның жоспарланған дәлізден ауытқуына әкелмейді деп мәлімдеді.
Қарсы шыққандардың бірі депутат Дәулет Мұқаев. Ол тарифтердің көбейіп, халыққа зияны тиетінін айтты.
«Мен қарсымын. Ол сол 12 пайыз деңгейінде қалуы керек. 20 пайыз дегеннен кейбір банктер жүйесі көп пайда тауып отырған. Олардың несиесі де, беріп отырған пайызы да жоғары. Сол салаларда ғана керек. Барлық салада ҚҚС-ті көтеруге қарсымын. Ол қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиеді», — деді ол.
Ал отандық тауар өндірушілер мен кәсіпкерлер ҚҚС ставкасын көтеру Қазақстанның инвестциялық тартымдылығын төмендетуі мүмкін екенін алға тартуда.
«Бизнеске қысым артқан сайын, заңды жолмен жұмыс істеу тиімсіз болып қалады да, кәсіпкерлер «көлеңкеге» кетуге мәжбүр болады. Үкіметтің қосылған құн салығын (ҚҚС) 20 пайызға дейін көтеру жоспары жағдайды одан сайын ушықтырады», — деп пікір білдірді жеке кәсіпкер Гүлбану Майғарина.
Прьемер-министр Олжас Бектеновтің пікірінше, ҚҚС мөлшерлемесін көтеру арқылы, үкімет еңбекақы қорына түсетін жүктемені төмендетіп, оны сату процесіне ауыстыруды ұсынады. Бұл үшін ҚҚС мөлшерлемесін көтеріп, әлеуметтік салықты және жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы төлемдерін азайту қажет. Бұл кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Ал Айбар Олжаев бұл шараны қажетті деп санайды. Керісінше, Қазақстан ұзақ уақыт бойы ҚҚС мөлшерлемесін төмен деңгейде ұстап келген елдердің бірі болды. Басқа елдермен салыстырғанда расымен де салық ставкасы төмен. Мысалы Швеция, Норвегия, Дания елдерінде ҚҚС мөлшері — 25%, Франция, Ұлыбритания, Ресей елдерінде — 20%. Германия — 19% болса, Қытайда — 13%. Дегенмен әр елдің экономикалық жағдайы мен салық жүйесінің әртүрлі екенін де ескерген жөн.
«Кәсіпкерлердің ҚҚС көтеруіне қарсы екені түсінікті. Себебі өндіруші ҚҚС құнын тауарға салып сатады. Түбінде ҚҚС төлейтін тұтынушы. Халыққа ауыр тиюі мүмкін. Бірақ, біз ұзақ жылдар бойы басқа елдермен салыстырғанда ҚҚС ставкасын төмен деңгейде ұстап келдік, салық нормасы да тиімді болды. Ал қазір мемлекет бұл жағдайда ұзақ тұра алмайтынына көзі жетті. Мемлекеттің дефициті жыл санап қарқынды деңгейде өсіп жатыр».
Бұл өз кезегінде мұнай бағасының өсіміне де байланысты дейді сарапшы.
«Егер мұнай бағасы 100-120 долларға өссе, ҚҚС-ті көтермеуге де болар еді. Бізде мұндай жағдай жоқ, мұнайдың бағасы өсіп жатқан жоқ. Сыртқы нарықта мүлдем түсініксіз жағдай орын алуда. Сондықтан ҚҚС мөлшерлемесін көтеру өте қиын жағдайдан құтқарудың жалғыз жолы. Бұл мәжбүрлі шара. Қарсы болсақ та, болмасақ та ол көтеріледі», — дейді сарапшы.
Қоғамда қаншама наразылық және қарсы пікірлер болғанымен, сарапшы жағдайға оң болжам беріп отыр. Айтуынша, қазір қабылданған шешімнің арқасында, 2027 жылдары еліміздің экономикасы сауығып шығады. Жұмыс көбейіп, ел өзгереді.
«Ауыр инфекция түсті деп ойлайық. Аяқты кеспесе, адам бір айда өледі. Бірақ аяқты кессе, бір апта қатты ауырады, кейін жазылады. Біз не өлеміз, не бір апта ауырып, одан кейін өмірімізді сақтап қалуымыз керек. Біздің ел аяқты есуді таңдады. 1-2 жыл халыққа қиын болады. Есесіне 2027 жылға қарай экономикамыз сауығып шығады. Сондықтан қазірден бастап үнемдеуді бастап кету керек», — деп болжады қаржы сарапшысы Айбар Олжаев.
ПІКІР ЖАЗУ