Странджа турнирінде жеңіліс тапқан Санжар Тәшкенбай қолын сындырып алған, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Бұл туралы Аян Төлеген өзінің желідегі парақшасында жария етті.
Оның айтуынша, Санжардың жеңілісі БАҚ-та қызу талқыға түскен.
«Бұл жаңалық бұқаралық ақпарат құралдарында шу тудырды. Санжар Тәшкенбай бірінші раундта Ирландиядан келген жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионы Луис Руниге қарсы жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Мен Санжардың не үшін жекпе-жектен шыққанын анықтауға тырыстым. Ол – мінезді жігіт, сондықтан мұндай шешім қабылдауына үлкен себептер әсер еткені анық. Тәшкенбай қолын сындырып алды», — деді ол.
Желі қолданушысының сөзінше, Санжардың бұл жарақатына бокс ұйымдастырушылары кінәлі.
«Мен бокста көп жағдайды көрдім, бірақ мұндайға шынымды айтсам, бірінші рет тап болдым. Белгілі болғандай, ұйымдастырушылар – Болгарияның Бокс федерациясы – командаларға спортшылардың қолын тейптеуге рұқсат бермейді екен. Ал біздің құрамада бұл іспен кім айналысатынын мен жақсы білемін. Оның аты – Әлібек, өте жақсы адам әрі өз ісінің нағыз маманы. Сонымен, «Странджа» турниріне қатысушылардың қолындағы жалғыз қорғаныс – қолғап пен жай ғана бинттер. Ал қолғаптардың өзі өте жұқа екен деп айтты маған», — дейді Аян Төлеген.
ПІКІР ЖАЗУ