Шиеліде мұғалім әйелінің саусақтарын балтамен шапқан: бес баланың тағдыры қыл үстінде

Ашық дереккөз

Қызылорда облысы, Шиелі ауданының Бала би ауылында мұғалім болып жұмыс істейтін тұрғын өз әйелінің саусақтарын балтамен шауып тастаған, деп хабарлайды ozgeris.info порталы.

20 жылдан астам уақыт мектепте мұғалім болған 44 жастағы ер адам қазір қамауға алынды. Оқиға ерлі-зайыптылардың өз үйінде болған. El.kz агенттігінің мәліметінше, ер адам әйелін бірнеше рет балтамен ұрып, саусақтарын кесіп тастаған.

Қазір оған ҚР Қылмыстық кодексінің “Адам өлтіруге оқталу” бабы бойынша іс қозғалып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр.

1983 жылы туған әйел ауыр хәлде аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлер оның миы зақымданғанын, басынан ауыр соққы алғанын және бірнеше сүйегінің сынғанын айтты. Жақын арада оған қосымша ота жасалмақ.

Оқиғаның себебі ретінде қызғаныш пен тұрмыстық жанжал аталуда. Ерлі-зайыптылардың бес баласы бар.